Тұлға

Раиса Бикмухаметова теріскейліктерге өзінің 6-шы кітабын таныстырды

Қазақстанның құрметті журналисі – Раиса Бикмухаметова теріскейліктерге өзінің 6-шы кітабын таныстырды. Туынды еліміздің дамуына еңбегі сіңген жерлес қайраткерлерге арналыпты. 100 данамен басылып шыққан кітаптың тұсаукесерінде біздің түсірілім тобы да болып қайтты.

Раиса Бикмухаметова саналы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын журналистика саласына арнаған. Облыстық телеарнада ұзақ уақыт бойы түрлі бағдарламаларды жүргізіпті. Соның бірі – 2002-2007 жылдар аралығында көгілдір экраннан жарыққа шыққан «Жерлестер» жобасы. Оның кейіпкерлері – 20-шы және 21 ғасырда еліміздің гүлденіп, дамуына өз үлесін қосқан қайраткерлер.

М. Жұмабаев, Александр Викторенко, Виктор Зайберт, Камиль Сафин мен Геннадий Зенченко. Шынымен де бұл тау тұлғалардың өңіріміз бен жалпы Қазақстанның тарихында алатын орындары ерекше. Әрбір шығарылым олардың өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған. Осы бағдарламаның кезекті санында Раиса Бикмухаметоваға жобаны кітап ретінде басып шығару ұсынысы түсіпті.

Раиса Бикмухаметова – Қазақстанның құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:

– Мен сол кезде міндетті түрде шығарамын деп уәде бердім. Міне, бүгін сол уәдемді орындаудамын. Осы 7 жыл ішінде шыққан әрбір материалды бірнеше рет қарап шықтым. Сұхбаттарды қайта қарап, айтылған сөздердің барлығын теріп жаздым. Бұған қоса видеодағы кадрларды да түсірдім. Осылайша, кітаптағы материалды оқу барысында қасындағы суреттерді қарап отырып, көзге елестетуге болады. Кітап жазу барысында ерекше ләззат алдым. Себебі, сол уақытқа қайта оралғандай сезімде болдым.

7 жыл ішінде 38 фильм эфирге жол тартқан. Алайда, бұл тек 38 адам жайлы жасалған материал емес. Мұнда тағы депортацияланған корей, поляк ұлтының өкілдері, өңір телевидениесі туралы да шығарылымдар бар. Осылайша, Раиса Бикмухаметова жүздеген адаммен жүздесіп, оларды барша теріскейлік қауымға таныстырды. Солардың бірі Евгений Тетюхин. Жергілікті университет доценті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері кітап авторымен 45 жылдан астам уақыт таныс екен.

Евгений Тетюхин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Мен өзімді бұл бағдарламаға лайықты деп таппадым. Сондықтан, оған қатысқым да келмеді. Алайда, Раиса Гарифовна – өзінің нағыз журналистік қасиетін таныта білді. Көп ұзамай бағдарламаға қалай сұхбат беріп жатқанымды байқамай қалдым. Очеркте менің барлық өмірім қамтылды. Спорттық жетістіктерім, университет қабырғасындағы қызметім мен отбасым туралы толыққанды материал шықты. Енді, міне бұның барлығы қағаз бетіне түсуде. Өте қуаныштымын.

«Жерлестер» кітабы 100 данамен басылып шығарылған. Оның 50-ін Раиса Бикмухаметова өзінің кейіпкерлері немесе олардың ізбасарларына ұсынды.

Эльмира Садвокасова