Спорт

“Құлагер” қарымта кездесуде “Теміртаудан” жеңіліс тапты

Петропавлдық “Құлагер” “Теміртауға” қарсы өткізген алғашқы матчтағы жетістігін қайталай алмады. Бірінші кездесуде қарсыласын 6:2 есебімен ойсыратқан жергілікті құрама қарымта ойында кенді қала хоккейшілеріне 2:5 есебімен есе жіберді.

“Құлагер” мен “Теміртау” хоккей командаларының қарымта ойынын тамашалауға келген петропавлдықтар аз болмады. Алғашқы минуттан-ақ, айдын қонақтары алдыңғы кездесуде жіберген қателіктерін түзетуге барларын салды. Алайда, бабы келісті өңір командасының шабуылшысы Евгений Попитич, алғашқы таймның 4-ші минутында қарсылас қақпасына бірінші шайбаны салып жіберді.

Бұл сәтсіздікке теміртаулық хоккейшілер қарап қалмады. Таймның аяқталуына 5 минут қалғанда қарсылас құрама ойыншысы Кирилл Пономарев, құлагерлік қақпашыны қапыда қалдырып қоржындарына алғашқы ұпайды салды. Есеп 1:1. Матчтың 2-ші бөлімінде есепті қайтадан теріскейліктер ашты.

Бірақ бұдан кейін, қонақ команда жинақы ойнап, тактикасын өзгертті. Ол әрекеттері өз нәтижесін берді де. Осылайша таблодағы есеп теңесті. Ал кездесудің 6-шы минутында меймандар жіберген шайба діттеген жерінен табылып, тағы бір ұпайды еншіледі. Кешегі ойыннан есесін жібермеуді көздесе керек, құлагерліктердің осал тұсын аңғарған олар таймның 16-шы минутында кезекті бір шайбаны қақпаға дарытты.

Өстіп, айдын қонақтары 2-бөлімнің қорытындысы бойынша жерлес құраманы артта қалдырды. Командамыздың сәтсіз ойыны хоккей десе ішкен асын жерге қояр жанкүйерлердің көңілін түсірді.

Аздаған үзілістен соң, маңызды 3-ші таймға да кезек келіп жетті. Өкінішке орай, бұнда да теміртаулықтар алған қарқынын үдетіп, көрсетішін жақсарту жолында аянып қалмады. Нәтижесінде Андрей Буяльскийдің соққысы қақпа ішінен табылып, есеп 2-де 5-ке жетті. Осылайша, қарағандының имек таяқ шеберлері қарымта кездесудің фавориті атанды.

Александр Писарев – “Теміртау” ХК қорғаушысы:

– 3 тайм бойы сылбырлық танытпай, жинақы ойнауға барымызды салдық. Мұз айдынындағы әріптестеріме алғысым шексіз. Бапкеріміз айтқан ақыл-кеңестерді елеп-ескеріп отырдық. Нәтижесін көріп отырсыздар! Қарсыластарымыз оңай шағылар жаңғақ емес.

Құлагерліктер болса 3 тайм бойы жеңіске жетуге талпынған еді. Тек бұл жолы сәттілік біздің құраманы айналып өтті.

Ильгиз Нуриев – “Құлагер” ХК капитаны:

– Қарымта кездесуде де жеңіс тұғырынан көрінгіміз келді. Шабуылшылардың шайба салатын ұрымтал сәттері көп болды. Енді қателіктерімізді сараптап, түзетуге тырысамыз. Бізді қолдап, демеген жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз!

Сәтсіздікке қарамастан жергілікті құрама 25 ұпай жинап, ашық біріншіліктің турнирлік кестесінде әлі көш бастап тұр. Келесі ойын қазанның 8-і мен 9-ы күндері өтеді. Онда құлагерліктер өз алаңында алматылық хоккейшілерді қабылдамақ.

 

 

Бахыт Садвокасов