Білім

Бірінші гимназияда мемориалдық тақта ашылды

Үлгілі ұстаз, өз ісінің хас шебері мен тәжірибесі мол директор. Бірінші гимназияда Александра Шпунтованың құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Нәзікжанды бұрынғы №35 мектепті 15 жыл бойы басқарған екен.

Бүгін бұрынғы Дзержинский атындағы №35 мектеп, қазіргі бірінші гимназияның ұжымы, түлектері мен оқушылары үшін ерекше тарихи күн. Білім ұясының қабырғасында мемориалдық тақта орнатылмақ. Ескерткіш оқу ошағында 1965 жылдан бастап директор болған Александра Шпунтованың құрметіне дайындалған. Нәзікжанды мектеп ашылғаннан кейін жарты жылдан соң тізгінді өз қолына алыпты. Көп ұзамай, ұстаздың білім беру жүйесіне деген жаңа көзқарасы оқу ошағының атын барша Қазақстанға танытты.

Наталья Букатова – бірінші гимназия директоры:

– Александра Шпунтованың мұрындық болуымен «Оқушылардың өзін-өзі басқаруы» деген жастар қозғалысы пайда болды. Бұл жоба тіпті Мәскеу қаласындағы «Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде» ұсынылыпты. Александра Васильевна бұл жобасы үшін күміс медальмен марапатталған. Біз осындай дара тұлғалардың ісін жалғастырып жатқанымызға қуаныштымыз.

Александра Шпунтова қаладағы үздік мамандарды, өз ісінің хас шеберлерін қол астына жинаған. Осылайша, жаңа оқу ошағы аз ғана уақыттың ішінде бүкіл шаһарға танылды. Клавдия Кирьякова мектепке 1964 жылы биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Педагогикалық еңбек ардагері Александра Васильевнамен бірге жұмыс істегеніне дән риза.

Клавдия Кирьякова – педагогикалық еңбек ардагері:

– Александра Васильевнамен жұмыс істеу бір уақытта оңай, әрі қиын болды. Жауапкершілігі мол кісі болғандықтан, бұны бізден де талап ететін. Қасындағыларының барлығынан жұмысты тиянақты және жылдам орындауды сұраушы еді. Мен оны кәсіби маман, ұйымдастырушы әрі жақсы адам ретінде құрметтеймін. Мектептің гүлденіп, оқушылардың қолайлы жағдайда білім алуы үшін көп еңбек сіңірді.

Нәзікжанды мектепті басқарған 15 жылдың ішінде жүздеген оқушыға тек мұғалім ғана емес, нағыз дос, кеңесші әрі қамқоршы бола алды. Білім ұясының 1967-ші жылғы тұңғыш түлектері Александра Васильевнаны ерекше үлгі тұтқан. Олар өздерінің тұлға ретінде қалыптасып, үлкен шыңдарды бағындыруларына мектеп директоры септескенін айтады. Сондықтан, сыныптастар бірігіп, оның құрметіне мемориалдық тақта орнатуды шешіпті.

Роза Гайнутдинова :

– Александра Васильевна барлығымызға мақсат қойып, оған жетуді үйретті. Мектеп директорының айтқан ақыл-кеңестері әрбір оқушыны қанаттандыратын. Осы 51 жыл ішінде бірде-біреуіміз директор мен мектептің атына кір келтірмедік. Арамызда еңбегі сінген дәрігерлер, мұғалімдер, журналистер мен генералдар да бар. Бұның барлығы Александра Васильевна мен оқу ошағы ұжымының арқасында.

Енді, халық ағарту ісінің үздігі Александра Шпунтованың есімі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған ісі әрдайым жас буынның жадында болмақ.

 

Эльмира Садвокасова