МТРА жаңалықтары

СҚО-да мемлекеттік мүліктерді жекешелендіру науқаны жалғасуда

Өңірімізде мемлекеттік мүліктерді жекешелендіру науқаны жалғасуда. Жыл басынан облысымызда “Бірыңғай баланс ұстаушы” жобасы аясында 75 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді. Сол сома есебінен 10 әкімшілік ғимарат қалыпқа келтіріліп, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысан орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылыпты.

Жыл басынан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті облыс бойынша жергілік атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелеріне тиесілі 100-ден астам нысанға инвентаризация жүргізіпті. Нәтижесінде 4 мың шаршы метрдің бос тұрғаны анықталған. Аталған аумақты жалға берсе, ел қазынасындағы 60 млн теңге
үнемделіп қалар еді. Алайда олай болмаған. Үкімет жыл сайын пайдаланылмай тұрған ғимараттардың күтіміне, нақтырай айтқанда, әр шаршы метріне 20 мың теңгеден жұмсап келеді.

Аман Төрегелдин – облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:

– Аудандардағы әкімшілік ғимараттарды мемлекеттік органдар мен бизнесмендерге ұсынудамыз, алайда нысандарға сұраныс жоқ. Көбінесе Петропавл қаласындағы бос аумақтарға сұраныс жоғары, соған сәйкес баға да шарықтауда. Кәсіпкерлер жалға алған нысандарының коммуналдық ақыларын төлейді. Жөндеу жұмыстарын да өз қаржылары есебінен жүргізеді. Осылайша, жыл басынан “Бірыңғай баланс ұстаушы” жобасы аясында 75 млн. теңге бюджет қаражаты үнемделді. Сол қаражат 10 әкімшілік ғимаратты қалыпқа келтіруге және бірқатар әлеуметтік маңызы бар ғимаратты орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуға жұмсалды.

Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті құқықбұзушылардан тәркіленген мүлікті өткізумен айналысады. Олардың дені көліктер екен.

Аман Төрегелдин – облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:

– Жыл басынан 17 көлік тәркіленді. Дені жүк машинасы. Олармен өңір тұрғындары битум, отын, арақ-шарап, есірткіні заңсыз тасымалдаған.Бүгінде барлық көлік аукцион арқылы сатылды. Жалпы өткен жылдан қалған 3 көлікпен қоса санағанда 20 автокөлік сатылды. Одан бюджетке қосымша 53 млн. теңге түсті.

Биылдан бастап жолаушыларды заңсыз тасымалдағандардың да көліктері тәркіленетін болыпты. Осылайша, Аққайың ауданының бір тұрғыны қыруар қаражатқа сатып алған темір тұлпарынан әп-сәтте айрылып қалған. Бүгінде тиісті ведомство көлікті аукцион арқылы жарты бағасына сатып жіберген. Тәркіленген заттарды жылдамырақ өткізу үшін мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалана бастаған.

Берік Қасен