Спорт

“Құлагер” ХК “Теміртау” құрамасын ойсырата жеңді

Жергілікті “Құлагер” шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігінің турнирлік кестесіндегі бірінші позициясын сақтап келеді. Кеше петропавлдық хоккейшілер “Теміртау” құрамасына қарсы кездесу өткізіп, айдын қонақтарын 6:2 есебімен ойсырата жеңді.

Шайба тасталысымен, айдын қонақтары шабуылға басты. Осылайша, ойынның басым бөлігі “Құлагер” қақпасының маңында өрбіді. Ал период аяғына 2 минут қалғанда жергілікті құрама қорғаушыларының қателігі “Теміртауды” алға шығарды. Янков қақпасына соққыны 19 нөмірлі шабуылшы Александр Егоров дарытты.

Саят Ермек – тілші:

– “Әдетте “Құлагер” алғашқы периодты белсенді шабуылдардан бастаушы еді. Бірақ, бұл жолы команда өзіне өзі ұқсамайды. Ахметов, Андрейкив, Рамазанов сынды ойыншылардың қатарға қосылғанына қарамастан, басымдық, әзірге, теміртаулықтардың қолында. Ойынның басында біздікілер бір шайба өткізіп алды. “Теміртауда” тағы бірнеше мүмкіндік болған еді, бірақ Янков сыр бермеді. Команданың қорғанысы болса, әзірге, көңіл көншітпейді.

Бас бапкер Гущиннің қарамағындағыларды үзілісте қалай сілкілегені беймәлім, бірақ екінші 20 минуттықта айдын иелерінің ойыны түбегейлі өзгеріп шыға келді. Периодтың 5-ші минутында Максим Первухин есепті теңестірді. Ал араға 4 минут салып Илья Ахметов “Теміртау” қақпасына тағы бір әдемі шайба салды. Маусым басталғалы көзге түспей жүрген былтырғы бомбардир Денис Стасюк болса екі минуттан соң тіпті есепті 3:1 жеткізді.

10 минуттың ішінде 3 шайба өткізіп алған “Теміртаудың” матч басындағы басымдығынан түк қалмады. Мұны сәтті пайдаланған “Құлагер” шешуші кезеңнің екінші минутында төртінші шайбаны салды. Автор – Алексей Грищенко. 4 минуттан соң шайба айдын иелерінің қақпасында. Бұл жолы “Теміртау” құрамасынан Павел Скуматов ерекшеленді. Бірақ бұл гол ойын тағдырын шешпеді, керісінше “Құлагер” соңғы 10 минутта Белоконский қақпасының осал тұсын тағы екі рет таба білді. Периодтың 5-ші минутында Денис Стасюк дубль жасаса, соңғы, жеңіс шайбасын капитан Ильгиз Нуриев соқты. Осылайша, 6:2 есебімен алғашқы матчта “Құлагер” “Теміртауды” ойсырата жеңді.

Дамир Рамазанов – “Құлагер” ХК қорғаушысы:

– Бұған дейін де “Теміртау” құрамасымен өткізген кездесулерде алғашқы перидты беріп қоятынбыз. Кейін, қарқын қосып, қарсыласты қыспаққа аламыз. Бүгінгі матчтан шыққан нәтижені таблодан байқауға болады. Бір апта бойы жаттықпай, айдынға шықпай жүрдім. Бірақ қатарға қайта қосылғаныма қуаныштымын. Команда бүгін жарады, кездесу өте қызықты өтті.

Айта кеткен жөн, бұл кездесудің тағы бір қаһарманы – Андер Янков. Өз қақпасына бағытталған 32 соққынының ол 30-ын тойтарған. Қос құрама қарымта матчта бүгін кездеседі.

 

 

Саят Ермек