Тұлға

Қожаберген жыраудың туғанына – 355 жыл

Атақты қолбасшы, шежіреші әрі жырау. Елімізде Қожабергеннің тұлғасын зерттеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Жерлес батырдың 355 жылдығына орай облыстық мемлекеттік архивте дөңгелек үстел өтті.

Қожаберген жырау туралы алғашқы тарихи дерек 1879 жылғы қазақ хрестоматиясында кездескен. Ыбырай Алтынсарин басып шығарған кітаптың 3-ші бөлімінде ол Абылай ханның ісіне өз бағасын беріпті. Сондай-ақ, Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұраларында да бірқатар деректер бар. Мәселен, соңғысы өлеңдерінің бірінде ұзақ уақыт бойы халық әні деп танылған «Елім-айдың» Қожаберген жырауға тиесілі екенін атап өткен. Қазіргі таңда ғалымдар бұл мағлұматтардың барлығын сәйкестендірді. Енді жастарды жыраудың өмірі мен шығармашылығы жайында толығырақ таныстыруға болады.

Берік Сапанов – Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архиві директорының орынбасары:

– Бүгінгі дөңгелек үстел Қожаберген жырауға арналған. Ол – тәуелсіздікті аңсап, жау қолына қарсы тұрған қазақ жауынгері. Сондықтан, жас ұрпақ ұлы батырды білуі қажет.

Бүгінде жырау, батырды тек зерттеушілер ғана емес, барша қазақ жұртшылығы жақсы біледі. Ал, осыдан ондаған жыл бұрын Амантай Бегенов тек өз ауылында ғана Қожаберген жырау Толыбай сыншыұлының оныншы ұрпағы екенін мақтанышпен айта алған. Себебі, ұзақ уақыт бойы қазақтың атақты қолбасшысының тұлғасын зерттеуге мән берілмей келді.

Амантай Бегенов – Қожаберген жыраудың 10-шы ұрпағы:

– Кішкентай болсақ та руымызды білетін едік. Кітаптары бар. Шығармаларын оқып танысудамыз.

Жерлесіміз Сегіз Сері де Қожаберген жыраудан тараған ұрпақтың бірі. Қазақ халқының атақты тұлғалары Жамбыл ауданында жерленген.

Эльмира Садвокасова