Балалар

Психикалық дамуы тежелген балаларға арналып спорттық үйірме ашылды

Петропавлда республикалық “Zhas Project” жобасының аясында психикалық дамуында тежелуі бар балаларға арналып спорттық үйірме ашылды. Оған қазіргі таңда 30-ға жуық балғын барып жүр.

Оксана Кропачева 3 жасар ұлымен бүгін үйірмеге бірінші рет келіп отыр. 1 жасында-ақ сөйлей бастаған Рома, бастапқыда “мама”, “папа” деген сөздерді еш қиындықсыз айтса керек. Алайда, 1 жылдан соң оның сөйлеу қабілеті жоғалып, бала көзбе-көз байланыстан қашқақтайтын болған.

Оксана Кропачева – ата-ана:

– Осындай үйірменің ашылғаны өте қуантады. Себебі, ақылы курстарға бару қымбатқа түседі. Ал мұнда балам өзімен бірдей балғындармен ойнайды, жаттығады. Көп ұзамай алға жылжу болады деп ойлаймын. Әлі де ұлымнан “мама” деген сөзді естимін деген үміттемін.

Бұл спорттық үйірменің жұмыс істеп жатқанына 1 айдың жүзі болыпты. Күнделікті мұнда таңғы сағат 9:30-дан 19:00-ге дейін 20-ға жуық балғын келеді. Аталған үйірме республикалық “Zhas project” жобасының аясында ашылған. Яғни, “Мой ребенок” қоғамдық бірлестігіне мүшелік ететін аналар арнайы жоба жазып, конкурсқа қатысыпты. Байқау жүлделеріне іліккен бірлестікке осылайша қаржылай көмек көрсетілген.

Вильдана Қожахметова – “Мой ребенок” ҚБ мүшесі:

– Бізде екі транж болады. Кейін, байқауда ұтып алғаннан кейін, оларға 500 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа спорттық құрылғылар сатып алынған.

Ерекше балалармен арнайы курстан өткен тренер жұмыс істейді. Ол әрбір балғынға жеке көңіл бөліп, қажетті жаттығуларды жасайды.

Екпін Шайкенов – жаттықтырушы:

– Бір келгенде 4-5 баламен жұмыс істейміз. Буындарын қатайтамыз, аяққа массаж жасайтын құрылғы бар, гимнастикалық жатттығулар жасаймыз.

Айта кеткен жөн, “Мой ребенок” бірлестігінің мүшелері қазаның 20-ында “Сити молл” сауда үйінде қайырымдылық фотокөрмесін өткізбекші.
             

 

Молдир Макишева