Қоғам

Биыл облысқа ойыншықтардың сапасын тексеру үшін 5,5 млн теңге бөлінген

Ойыншықтардың қауіпсіздігі – басты назарда. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары жыл басынан өңірдегі 200-ге жуық сауда орнында тексеріс жүргізген. Нәтижесінде қуыршақ-сылдырмақтардың 89-ының техникалық регламент талаптарына мүлдем сай келмейтіні анықталып отыр.

Облыс аумағында саудаланатын ойыншықтардың пайдалануға жарамдылығын тексеру үшін олар “Ұлттық сараптау орталығының” осы зертханасына жеткізіледі. Балалар тауарының сапасы мен техникалық регламенттерге сәйкестігін тексеру арнайы мамандарға жүктелген. Мысалы, зерттеу орталығының мына бөлімшесінде, бүлдіршіндердің өміріне қауіп төндіретін заттардың бар-жоқтығын анықтау үшін олардан сынама алудың алғашқы сатысы жүргізіледі.

Томирис Бримжанова – “Ұлттық сараптау орталығы” СҚОФ зертханашысы:

– Ең алдымен таразыда ойыншықтың салмағын өлшейміз. Кейін оны жуып-шайып, арнайы құрылғыға саламыз. 37 градус температурада 3 сағатқа қалдырамыз. Осылайша, ойыншықтың бастапқы зерттеу нәтижесі белгілі болады.

Бұдан соң, зертханашылар балалар мен жасөспірімдер қолданатын ойыншықтардың қаншалықты қауіпсіз екендігі туралы қорытынды жасайды. Барлығы жыл басынан сынамаға шаһар мен өңір аудандарындағы 193 сауда орнының ойыншықтары алынған. Нәтижесінде сапасы күмән келтірген 271 қуыршақ-сылдырмақтардың 89-ы техникалық регламент талаптарына мүлдем сай келмейтіні анықталыпты.

Самат Қазанбаев – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бөлімінің басшысы:

– Айтар болсақ, 48 ойыншықтың тауарлық белгісі болмай шықты. Органолептикалық көрсеткіштерге сәйкес келмеген 2 балалар тауары, токсикологиялық және гигиеналық көрсеткіштері сақталмаған 2 өнім алынды. Ойыншықтар Қазақстанға негізінен Қытай, Ресей Федерациясы мен Украина елдерінен жеткізіледі. Олардың көбінде сәйкестік таңбасы көрсетілмеген.

“Сақтансаң сақтармын” демекші облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары, ата-аналарға өз бүлдіршіндеріне алатын ойыншықтардың таңбалануына баса мән беру керектігін айтады. Өйтпеген жағдайда, баланың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.

Самат Қазанбаев – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Сатып алушылар тауардың шығу тегіне ерекше мән беруі қажет. Ойыншықтың таңбасында шығарылған елдің атауы, дайындалған күні, өнімнің жарамдылық мерзімі көрсетілуі тиіс. Өнімнен жағымсыз немесе өткір иістер шықпауы керек. Тауар сапасына күмәндансаңыз, сатушыдан ойыншық құжаттарын сұратуға болады.

Жалпы үстіміздегі жылы жергілікті департаментке балалар мен жасөспірімдерге арналған ойыншықтарды тексеруге ел бюджетінен 5,5 млн. теңге бөлініпті.

 

 

Бахыт Садвокасов