Аптадағы маңызды жаңалықтар

Балабақша дауы

Қаламыздағы Ақ қайың балабақшасы орталықтандырылған жылу желісіне өзгелерінен 16 күнге кеш қосылды. Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру ошағында сынап бағанасы 20-25 градус жылыны көрсетіп тұр.

Биыл қаламыздағы балабақшалар орталықтандырылған жылу жүйесіне қыркүйектің 11-інен қосыла бастады. Тек, Орман ықшам ауданында орналасқан мына “Ақ қайың” атты нысанға жылу өзгелерден кеш жетті. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік маңызға ие ғимараттың батарейлері өткен айдың 27-нен бастап іске қосылған.

Алтын Сейітова – “Ақ қайың” балабақшасының директоры:

– Бүгінгі күні нысан ішіндегі температура 20-25 градустан асып жатыр. Батарея қол тигізбейді. Ол өте қуанышты әрине.

Шынымен де балабақшаның іші жылы. Мұнда балғындар жеңіл киіммен асыр салып ойнап жүр. Дегенмен, 140 орынға шақталған мектепке дейінгі білім беру ошағына жылу не себепті кеш берілді? Бұл сауал тілшілер қауымын қызықтырғандықтан, қалалық әкімдік өкілдерімен кездестік.

Болат Серекпаев – Петропавл қалалық білім бөлімінің құрылыс-инженері:

– Балабақша уақытша жылу жүйесіне қосылған болатын. Нысанға өзінің жылу трассасы шілде айында ғана кіргізілді. Одан кейін техникалық жұмыстар жүргізілді. Сол себепті балабақшаға жылу кеш берілді.

Бірақ, “Севказэнергосбыт” серіктестігі бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағандықов басқаша пікірде. Ол өзі басшылық ететін монополист компанияға “Ақ қайың” балабақшасының ұжымы қыркүйектің 26-сында ғана өтінім бергенін айтады. Сондықтан, мекеме уақыт созбай 1 тәуліктің ішінде балабақшаны жылумен қамтыпты. Алайда, бұл уақытша шара дейді басшы. Себебі, әлеуметтік ғимараттың тиісті құжаттары талапқа сай келмейтін көрінеді.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Балабақша 2017-ші жылдың желтоқсан айында халық игілігіне берілді. Қыс мезгілі болғандықтан, нысанға жылу ешқандай келісімшартсыз берілді. Біздің тарапымыздан мектепке дейінгі білім беру ошағының ұжымына жылыту жайлы құжатты тездетіп әзірлеу қажет деген жарлық қағаз жолданды. Мұндай хабарламаны сәуір айында да жібердік. Дегенмен, балабақша басшылығынан ешқайдан жауап болмады. Енді міне, кезекті жылыту маусымы келді. Бұл науқан қарсаңында да балабақша құжаттарын заңнамаға сай дайындамапты. Яғни, электрмен жабдықтау жайлы бірқатар қосымшалар көрсетілмеген. Сондықтан, ғимаратқа жылу уақытша беріліп жатыр.

Енді, балабақша ұжымы тиісті құжаттарды қазанның 15-іне дейін әзірлеуі қажет. Бірақ, жиында қаузалған негізгі тақырып бұл емес. Әңгіме барысында нысан басшылығының былтырдан бері жылуға төлем жасамағандығы белгілі болды. Бүгінгі күні қарыз – 1 млн 600 мың теңгеден асып жығылған.

Татьяна Протопопова – Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

– Бұл қарызды қалалық білім бөлімі төлейтін болады. Мәселе, заңды түрде шешімін табады. Биыл бұл балабақша облыстық білім басқармасынан, қалалық әкімдіктің балансына өтті. Оған қоса жер телімі де қалалық білім бөлімінің қарамағына өтуге жақын қалды. Осы жұмыстардың жүргізілуіне байланысты жылу нысанға кештеу жетті.

Дегенмен, өткен жылғы жылу үшін жиналып қалған берешектің қашан өтелетіні әзірге белгісіз қалып отыр.

 

 

Култанов Байболат