Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” командасы қызылордалық “Қайсармен” кездесті

Демалыс күні “Қарасай” стадионында жергілікті “Қызыл-Жар СҚ” командасы қызылордалық “Қайсармен” кездесті. 90 минуттық матчта қызылжарлықтар қарсыластарын 1-0 есебімен тізе бүктірді. Өстіп, теріскейлік аяқ доп шеберлері турнир кестесінде 8-ші орынға көтерілді.

Төрешінің ысқырығы шалынып қос команда арасындағы тартысты ойын басталып кетті. Жасыл алаңда – “Қызыл-Жар СҚ” мен қызылордалық “Қайсар” құрамалары. Теріскейлік аяқ доп шеберлері кездесудің бірінші минуттарынан-ақ бар күш жігерлерін жинап, қарсыластарының қақпасын шабуылдауға көшті. Осындай қарқынмен матчтың 15-ші минутында жергілікті сұр мерген Тимур Мульдинов қызылордалық футболшылардан қулығын асырып, қақпаға допты дарытты.

Осылайша, таблодағы есеп 1-0 ге өзгерді. Бұдан соң, қайсарлықтар ойын тізбегін өзгерткісі келіп, есепті теңестуге барларын салды. Дегенмен, бұларынан түк шықпай, алғашқы кезең теріскейліктердің пайдасына шешілді.

– Қызыл-Жар СҚ” командасы бірінші таймда жақсы ойын көрсетті. 1-0 болып жеңіп жатыр. Енді, менің ойымша біздікілер тағы бір гол соғып, есеп 2-0 аяқталады. Сонғы ойындарда қызылжарлық жігіттер жақсы ойнап, қарқын алып келеді. Жоғарғы лигада қалады деген ойдамын.

– Екі команданың терезесі тең командалар. Матч соңы мүмкін 1-1 немесе 1-2 қызылжарлықтардың пайдасына шешіледі.

Сонымен, екінші тайм да басталып кетті. Екі құраманың ойыншылары бұл 45 минуттықта қырағылық танытып, бір-бірлерінен айласын асырғысы келді. Дегенмен, есепті осы ойынның соңына дейін бірде-бір команда футболшысы өзгерте алмады. Кездесу нәтижесі бойынша солтүстікқазақстандық құраманың қоржынына 3 ұпай түсті.

Тимур Мульдинов – “Кызыл-Жар СҚ” ФК шабуылшысы:

– Ойын қиынға түсті. Өйткені, бұған дейін әр 3 күн сайын кездесу өткіздік. Дегенмен, 3 матчтың екеуін өз пайдамызға шешіп, жеңіске жеттік.

Айта кеткен жөн, “Қызыл-Жар СҚ” құрамасы осы жеңістен кейін Премьер лига комадаларының кестесінде 30 ұпаймен 8-орынға жайғасты. Енді теріскейлік команда қазанның 6-сы күні сырт алаңда оралдық “Ақжайықпен” жүздеседі.

Тогжан Акмагамбетова