Қоғам

Құлағында мүкісі бар жандар арасында эстафета өткізілді

Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында облыс орталығында құлағының мүкісі бар жандар үшін спартакиада ұйымдастырылды. Қызықты да көңілді спорттық шараға шамамен 30 шақты жерлесіміз ат салысты.

Құлағында мүкісі бар жандар бастарына қызыл, сары, көк түсті мата байлап алып, топқа бөлініп ойнады. Ойынның бірінші кезеңінде оларға бір сөзде бар әріптерден бірнеше сөз құрау тапсырмасы берілді. Мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз бұқаралық шараға шын көңілдерімен қатысты. Солардын бірі – Екатерина Чуб. Нәзік жанды бос уақытын көпшіліктің ортасында өткізгенді ұнатады екен.

Екатерина Чуб – “Қазақ саңыраулар қоғамы” ҚБ СҚОФ мүшесі:

– Құлағының мүкісі бар адамдар үйлерінде отырмай, осында жиналды. Мен оларды көргеніме қуаныштымын. Бүгін мен барлық ойындарға ат салысамын. Мұнда 14-тен бастап, 80 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Біреу ойнаса, басқалары жай сырттан бақылап, қызықтай алады.

Мүгедектер арасындағы спартакиадаға кейбірі отбасыларын ала келіпті. Күннің суық болғанына қарамастан, баршасы демалыс күндерін көңілді өткізгендеріне қуанышты.

Наталья Найманова – “Қазақ саңыраулар қоғамы” ҚБ СҚОФ мүшесі:

– Бұқаралық шараға жақсы көңіл күймен қатысып жатырмын.
Мұнда отбасым да келді. Туғандарым осындай шараға қатысқандарына қуанышты.
Бізді назардан тыс қалдырмаған қазақ саңыраулар қоғамына алғысымды айтамын.
Мен және жанұям қалада өтетін спорттық, мәдени-көпшілік шаралардан қалмауға тырысамыз.

Табиғат аясында жиналғандар тағы бірқатар эстафеталарда бақтарын сынады. Бұл шараны олар үшін Қазақ саңыраулар қоғамы ұйымдастырған.

Ғалия Жакенова – “Қазақ саңыраулар қоғамы” ҚБ СҚОФ төрайымы:

– Қазақ саңыраулар қоғамына облыс бойынша 860 адам мүшелік етеді. Дені аудандарда тұрады. Біз құлағында мүкісі бар және нашар еститін жандар үшін спорттық шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Мереке күндері концерттер өткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, оларды назардан тыс қалдырмаймыз.

Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында қазақ саңыраулар қоғамы түрлі мәдени шараларларды да өткізбекші.

Берік Қасен