Білім

Қалалық 9-шы орта мектеп 30 жылдық мерейтойын атап өтті

Ізденіс пен шығармашылыққа толы – 30 жыл. Іргетасы 1988 жылы қаланған қалалық 9-шы орта мектептің ұжымы мерейтойын атап өтті. Салтанатты жиында мектепте талмай еңбек еткен бірқатар ұстаздар марапатталып, жиналғандар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Гүл шоқтары, ізгі тілектер мен құттықтаулар. Мұның барлығы бүгін қалалық 9-орта мектеп ұжымына жолданды. 1988 жылы негізі қаланған күннен бастап білім ошағы талай жетістіктерге қол жеткізді. 30 жылда 3 түлек мектепті алтын белгіге, 9-ы ерекше аттестатқа тәмамдаған. Сондай-ақ, мектеп қоржынында “Үркер” республикалық интеллектуалдық ойынның 2 кубогі бар. Аталған білім ошағының алғашқы толағай табыстарына Михаил Романовский септескен. Ол осы мектептің – тұңғыш директоры. Жерлесіміз білім ұясын 18 жыл бойы басқарыпты.

Михаил Романовский – қалалық №9 орта мектептің тұңғыш директоры:

 – Бастапқы жылы мектепте орыс тілінде 2 мыңдай оқушы тәлім алды. Ал 90-шы жылдары оқу бағдарламасына қазақ тілі пәні қосылды. Ал қазір мектепте 2 тілде білім алуға болады. Мен кеткеді оқу ордасы жаңартылып, қасбеті де өзгерген. Мектептің мерейтойы құтты болсын, әрі қарай дамып, өркендей берсін.

Білім ошағы 5 мыңдай түлекті қанаттандырып, оларға үлкен өмірге жол ашқан. Қазір мектепте 1336 оқушы бар. Оларға 200-дей тәжірибелі ұстаз саналы тәрбие мен білім береді.

Меруерт Басыбаева – қалалық №9 орта мектеп директорының орынбасары:

– Біздің түлектеріміз Қазақстанның түкпір-түкпірінде, және алыс-жақын шет елдердегі ЖОО-да білімдерін шыңдап жатыр.

Мерейтойда жылдар бойы еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздар да марапатқа ие болды. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.

 

 

Альмира Жетписбай