МТРА жаңалықтары

Қала әкімі петропавлдық қарияларды мерекемен құттықтады

Сондай-ақ осы күні петропавлдық қариялар қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың құттықтауын қабылдады. Шараға соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен сан-салада еңбектенген аға буын өкілдері қатысты.

Залға жиналған мына аға буын өкілдері – түрлі жылдары экономиканың сан-саласында еңбек еткен шаһар тұрғындары. Қазыналы қариялар құрметті еңбек демалысында жүрсе де, қоғамдық өмірде белсенді. Кейінгі ұрпақпен өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін беруден әсте жалыққан емес. Бүгін түрлі саланың тұтқасын ұстаған аға буын өкілдерін, мерейлі мерекемен қала әкімі Марат Тасмағанбетов құттықтады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Үлкенді сыйлау, құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздерге қамқоршы болу – біздің халқымыз үшін үлкен қадір-қасиет. Біздің бүгінгі кездесуіміз соның дәлелі.

Қарттарға арналған ауқымды жиынға ҰОС қатысушылары, тыл еңбеккерлері мен спорт ардагерлері шақырту алған. Солардың бірі – облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов. Ағамыз сонау 60-70-жылдары теріскейдегі грек-рим күресінің негізін қалағандардың бірі. Дене шынықтыру пәні мұғалімінің алдынан талай саңлақ тәлім алып, байрақты додаларда өңір намысын қорғаған.

Жамбыл Тасеменов – ҚазКСР құрметті спорт шебері, СҚО құрметті азаматы:

– Петропавлда 1962-ші жылдан бастап тұрып келемін. Әскерге барып келдім. Қалған жылдары осында қызмет жасадым. Жаттықтырушы болдым. Кеңес үкіметі кезінде талай жарыстарға қатыстым. Қариялар күні құтты болсын! Осы қарттар аман болсын! Болашақты қалаған осы адамдар аман болсын!

Бүгінде шаһарда 43 мың 656 қария тұрып жатыр. 66-ы ҰОС ардагері, 3892-сі тыл еңбеккері. Солардың 46-сы қала мен облыстың құрметті азаматы мен азаматшалары. Аға буын өкілдеріне мемлекеттен көрсетілетін қолдау мығым. Мәселен, жақында егде тартқан жандардың құрметіне сенбілік ұйымдастырылды. Игі бастамадан жиналған қаржы барлық қарттарға үлестіріліп берілмек.

Сара Тасеменова – қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Еліміз егемендік алғанға дейінгі кездері тер төккен қариялардың басынан талай қиындық өтті. Алды соғыс жылдары түрлі кәсіпорындарда, ал кейінгі толқын тылда қара жұмыс атқарды. Өкінішке орай, сол жандардың қатары жыл санап сиреп барады. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жұмыс істеген жандардың үлесін де атап өткім келеді. Бүгін қарттар айлығы басталды. 1 ай көлемінде зейнет жасындағы тұрғындарға көмек көрсетеміз. Өңірдің белсенді жастары да шет қалмай, оларға қолдан келгенше қолғабыс жасайды.

Ауқымды мерекелік кездесуде өлке өнерпаздары ән жырдан шашу-шашып, қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бахыт Садвокасов