Қоғам

Петропавлда бал жәрмеңкесі өтуде

Бал жәрмеңкесі – Петропавлда. Шаһарымызда ресейлік Калашников омарташылығының өнімдері саудалануда.

Орман таңқурайы, забрус, сары қараған мен жөке балы. Бұл ресейлік жәрмеңкенің теріскейліктер үшін әкелген өнімдерінің тек бір бөлігі ғана. Мұнда кез келген тәттіқұмар мен денсаулығына үлкен мән беретін жандар өзіне ұнайтын тауарды табатыны сөзсіз. Өйткені, балдың 20-ға жуық түрі бар. Олардың әрқайсысы табиғи дәрумендерге бай, сондықтан да иммунитетті нығайтамын дейтіндер үшін жәрмеңкеге асыққан жөн.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Табиғи таза әрі пайдалы өнім. Біреу білсе, біреу білмес балдың 20-дан астам емдік қасиеті бар. Мәселен, жәрмеңкедегі ара желімі қосылған жөке балы анбиотик рөлін атқарады. Ол тек тұмау мен жөтелге ғана емес, асқазан, ішек ауруларына да шипа болады екен.

Сырқаттанған кезде оны күніне 2-3 рет тамақ ішер алдында қолдану қажет. Сондықтан да, халық арасында ол тек емдік өнім ретінде ғана қолданылады екен. Жәрмеңкеде әрі тәтті, әрі пайдалы да бал түрлері аз емес. Олардың бірқатарын кішкентай бүлдіршіндерге де беруге болады. Өйткені, ешқандай аллергия тудырмайды. Керісінше, сәби ағзасының қорғаныс жүйесін жақсартады.

Анастасия Екимова – сатушы-консультант:

– Тыныс алу жолдары, асқазан мен қызыл иек ауырғанда забрустың шипасы мол. Жалпы, Петропавл қаласына ара ұяшықтарын алғаш рет әкеліп отырмыз. Себебі, бұл өнім жыл он екі ай бола бермейді. Оның денсаулыққа пайдасы өте зор. Бұған қоса, құрамында түрлі қосындылар жоқ.

Балдан бөлек, мұнда тағы халуа, гүл тозаңы мен алатікен тұқымдары бар. Өнімдердің барлығы Башқұртстан еліндегі көшпелі омартадан жиылған. Жәрмеңке күн сайын Жастар сарайының бірінші қабатында сағат таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Ал, қазанның 12-сі балара өнімдері Байқоныр қаласында саудаланбақ.

Эльмира Садвокасова