Балалар

Өңіраралық ынтымақтастық форумына еріктілер дайындалуда

Петропавл жұртшылығы Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумына қызу дайындалып жатыр. Шамамен бір айдан соң шаһарда бас қосатын аталған шара қонақтарын қарсы алып, шығарып салуға 150 ерікті тартылмақ. Көмекшілерді форумға дайындау мамыр айынан бері жүргізіліп келеді. Ал демалыс күндері олар үшін кезекті психологиялық тренинг ұйымдастырылды.

Сұхбаттасушымен қалай тілдескен жөн, өз ойыңды қалайша дұрыс әрі қисынды жеткізе білу қажет? Осы және өзге де машықтарды залдағы 40-қа жуық жас әрі жалынды жеткіншекке тәжірибелі психолог Ғалия Баязитова үйретіп жатыр. Себебі, қарашаның 8-9 күндері Петропавлда бас қосатын форум қонақтарын жоғары деңгейде қарсы алу керек.

Ғалия Баязитова – “ЦЕНТРКӨМЕК” тренинг-орталығының жетекшісі:

– Өзара сыйластық, тану, өз күшіне сену. Осындай негізгі бөлімдер бойынша жұмыс жасаймыз. Әр тренинг соңында қатысушы өзі үшін мақсаттар мен міндеттерді айқындап, нәтижеге жетуі тиіс.

Жаттықтырушының тапсырмаларын Карина Хайрушева да бұлжытпай орындауда. Белсенді студент қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Бұл тарихи шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе дейді ол.

Карина Хайрушева – тренингке қатысушы:

– Қазақстан мен Ресей арасындағы достықты нығайтуға бағытталған шараға қатысқым келеді. Бұл тренингтер маған форум барысында ғана емес, алдағы өмірімде, қызмет жорлымда көмектеседі деген ойдамын.

Халықаралық шараға дейін бір айдан сәл артық уақыт қалды. Облыстық жастар ресурстық орталығы форумға 17 мен 35 жас аралығындағы 300-ге жуық еріктіні ұсынбақшы. Қонақтарды қарсы алатын жастардың алғашқы жартысы мамыр айында тиісті тренингтерден өтіп болған. Қарашаның соңына дейін көмекшілердің екінші легін әзірлік курстары күтіп тұр.

Роксана Орынбасарова – СҚО жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы :

– Еріктілер форум меймандарын қарсы алып, өздерімен ертіп, шаһармен таныстырып, шара аяқталған соң шығарып салуы тиіс. Дайындық үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – ауқымды шараға психологиялық әзірлік. Екінші кезеңде еріктінің мойнына жүктелетін міндеттермен таныстырып, оны абыроймен өткеру әдістерін үйретеміз. Бұдан соң, үміткерлерге қаланың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырамыз. Кейін олар бұл мекендермен шетелдік және өзге облыстардан келген қонақтарды таныстыратын болады.

300 үміткердің тек жартысы ғана форум меймандарын қарсы алу құқығына ие болады. Бұған лайықты жастарды Мәдениет және спорт министрлігі іріктеп алмақ. Айта кетейік, өңіраралық ынтымақтастық форум қос Президенттің қатысуымен өтеді. Шарада екі ел арасында туризм саласындағы байланысты арттырып, шекаралас өңірлердің өзге де бағыттардағы әріптестігін нығайту мәселелері сөз болмақ.

 

Саят Ермек