Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қарттарды құттықтады

Қазанның 1-і – халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімі өңір ардагерлерін қабылдады. Құмар Ақсақалов бейнетінің зейнетін көріп отырған жандарға өлкенің қазіргі тыныс-тіршілігін баяндады.

Түрлі салаға жетекшілік етіп, партия ісіне белсене араласқан, талай жыл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қариялар болса, аталған істерге көңілдері толатындарын жеткізді. Ел ардақтылары қоғам өміріне әлі де белсенді араласып жүр. Олар өмірлік тәжірибелерімен бөлісу мақсатында жастармен жиі кездеседі. Құмар Ақсақалов осы үшін аға буын өкілдеріне алғысын жеткізді.
Жалпы, еркін форматта өткен басқосуда қариялар өз ойларын, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Шара соңында өңір жетекшісі ардагерлерге құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздердің жинақтаған білімдеріңіз, баға жетпес тәжірибеңіз, жасампаздыққа бағытталған айқындамаларыңыз жастардың бастамалары үшін өте маңызды. Сіздерге зор денсаулық тілеймін!

Берік Қасен