Білім

Назарбаев зияткерлік мектебінде арнайы курс басталды

Қазанның 1-нен химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде “Яндекс. Лицей” жобасы бастау алды. Арнайы курста 30 оқушының арасынан іріктеліп алынған 10 бала білім алады.

“Яндекс.Лицей” пилоттық жобасы бойынша 8-ші және 9-шы сынып оқушылары білім ала алады. Олар бағдарламалауды 2 жыл көлемінде терең зерттейді. Бірінші жылы теория, ал екінші жылы нақты технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеретін болады. Бұл курсқа балалар 2 кезең бойынша іріктелініп алынған. Алғашқысында олар математика мен логикадан түрлі есептерді онлайн режимінде шығарса, екіншісінде – мамандармен сұхбаттасқан. Оның нәтижесі бойынша 30-дан астам оқушының арасынан бұл курсқа тек 10-ы ғана өтті.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебi директорының орынбасары:

– Балаларға Питон деген бағдарламалау тілін үйретеді. Сабақтар дүйсенбі және бейсенбі жүргізіледі. Оқушыларға Мәскеуде арнайы оқып келген біздің мұғаліміміз сабақ береді.

Ерболат Жасұланов Назарбаев Зияткерлiк мектебiнің “8 б”-сыныбының оқушысы. Оның сүйікті пәндерінің бірі – информатика мен математика. Сондықтан, курс барысында өтетін мәліметтер мен үшін қызықты әрі пайдалы болады дейді ол.

Ерболат Жасұланов – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебiнің оқушысы:

– Менің ойымша бұл жоба маған болашақта көмектеседі. Себебі, болашағымды компьютерлермен және айти технологиялармен байланыстырғым келеді. Бірінші кезең қиын болды. Себебі, логикалық есептер көп болды.

“Яндекс.Лицей” жобасы 2016 жылдан Қазақстан, Ресей және Армения елдерінде пилотты режимде іске асып келеді.

– Айта кеткен жөн, осыдан 2 жыл бұрын “Яндекс. Лицей” пилоттық жобасы аясындағы курсттар Астана мен Алматы қалаларында ашылған болатын. Ал, биыл, аталған жоба Петропавл мен Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асуда. Болашақта арнайы курстарда өңіріміздің өзге де оқушылары оқи алады.

 

Молдир Макишева