Спорт

Қарымта кездесуде “Құлагер” “Бейбарыс” ХК жеңіліс тапты

Жеңістер сериясы бұзылды. Бұған дейін 5 бірдей кездесуде қарсыластарынан басым түсіп келген “Құлагер” хоккейшілері атыраулық “Бейбарыспен” өткен қарымта матчта тізе бүкті. Алғашқы кездесуде жеңісті ойын аяғына 13 секунд қалғанда жұлып алған жергілікті команда бұл жолы батыстық құрамадан 2:3 есебімен жеңілді.

1-ші кезең “Құлагердің” белсенді шабуылдарынан басталды. Нәтиже 7-ші минутта келді. 13-ші нөмірлі шабуылшы Евгений Попитич есеп ашып, айдын иелерін алға шығарды.

Бірақ араға үш минут салып бейбарыстық Владимир Михасёнок таблодағы сандарды теңестіріп жіберсе, екі минуттан соң оның құрамаласы Евгений Чемерилов ерекшеленді. Осылайша, алғашқы период соңындағы есеп 1:2.

Максим Первухин – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

– Матчты жақсы бастап едік, бірақ басымдықтан лезде айырылып қалдық. Мүмкін, алғашқы шайбадан соң жинақылық пен қырағылықты жоғалтып алған шығармыз. “Бейбарыс” мықты команда. Біз жіберген бұл олқылықты ол өз пайдасына шеше білді.

Екінші кезең тартысқа толы болды. Период басында “Құлагер” қарсылас қақпасының осал тұсын тапқан сықылды еді, бірақ соққы ысқырықтан кейін жасалған соң, төреші шайбаны есепке алмады. Бұған қарамастан, периодтың бел ортасында №68 құлагерлік қорғаушы Алексей Грищенко Артем Микушин қақпасына шайба салды.

Есеп тең. Енді 20 минуттық ойын қалды. Оның 12 минутын “Құлагер” де, “Бейбарыс” та тең өткізді. Ал 13-ші минутында Евгений Болякин есепті 2:3 етті. Бұл шайбадан соң біздің жігіттер оңала алмады. Матч соңында дейін таблода еш өзгеріс болмады.

Олег Гущин – “Құлагер” ХК бас бапкері:

– Бұл екі кездесуді өткен маусымдағы плей-офф кезеңімен ұқсатпасқа болмайды. Командалардың қуаты тең, сәйкесіншен ойын да тең өтті. Кеше біздің жолымыз болса, бүгін атыраулықтардың асығы алшысынан түсті десек болады.

Саят Ермек – тілші:

– “Бейбарыс” құрамасына қарсы өткізген алғашқы кездесудегі табысын “Құлагер” өкінішке орай бекіте алмады. Алайда, турнирлік кестедегі алдыңғы позицияларын сақтап қалмақ. Спорт сарайы айдынындағы матчтардың кезекті легі қазанның 1-і мен 2-сіне жоспарланған. “Құлагер” өз айдынында “Теміртауды” қабылдайтын болады.

 

Саят Ермек