Балалар

“Отан қорғаушы” әскери-патриоттық клубтарының өңірлік слеті өтті

Петропавлда әскери-патриоттық клубтардың облыстық слеті өтті. “Отан қорғаушы” атты дәстүрлі жарысқа осы жылы өңірден 19 команда ат салысты. Сайысқа қатысушылар қару-жарақты шашып-жинау, белтемірде тартылудан ептіліктерін көрсетті.

“Отан қорғаушы” әскери-патриоттық клубтарының облыстық слеті қатарынан 5-ші жыл өткізіліп келеді. Биыл спорттық шараға өңір аудандары мен Петропавлдан жасақталған 19 құрама қатысып отыр. Шараға жиналған оқушылар мен студенттер ҰҰ Әскери институтының плацында сап түзеді. Спорттық ойынға келушілер алдында әскери оқу орнының басшылығы сөз алып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Кейін әскери-патриоттық клуб мүшелері, институт қолданысындағы техникамен танысты. Әсіресе клуб мүшелері қызметтік қару-жарақты асқан қызығушылықпен тамашалады.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

– Әскери-патриоттық слет – жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруды көздейді. Бұл жастардың басым бөлігі әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борыштарын өтейді. Бірқатары болашағын әскери саламен байланыстыруы да мүмкін. Сондықтан олар үшін жарыстың маңызы зор. Оның үстіне жыл санап, слетке қатысуға тілек білдіретіндер саны артып келеді.

Танысу бөлімінен соң, қатысушылар әскери эстафетада бақтарын сынады. Мына жерде клуб мүшелері белтемірге тартылудан шеберліктерін көрсетіп жатыр. Петропавлдағы өнер колледжінің студенті Медет Ошақты, намысқа тырысып 20 рет тартылды. 20 жасар жерлесіміздің бұл алғашқы әскери жарысы емес.

Медет Ошақты – “Отан қорғаушы 2018” облыстық слетінің қатысушысы:

– Қарсыластар осал емес. Құрамамыз жарысқа көп дайындалған жоқ. Жеңіске жетуге үміттіміз.

Одан соң, 19 құрама мүшелері АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, газқағармен жүгіруден жарысып, жұптасып белгіленген межені бағындырды. Ал сайыс соңында үміткерлер арқан тартудан күштерін сынап, ептілік танытты. Облыстық слет соңында үздік үштіке іліккен ұлдар командасы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Бахыт Садвокасов