Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласындағы өзекті сұрақтар қаралды

Өңірімізге ҚР денсаулық сақтау вице-министрі бастаған республикалық штаб өкілдері келді. Меймандар жергілікті ақ халаттылармен өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, жиында елімізді дүрліктірген менингит жайы да сөз болды. Еске сала кетейік, қыркүйектің 26-сында өңірімізде менингококк инфекциясын жұқтырған бойжеткен көз жұмды.

Денсаулық сақтау саласы жылдан-жылға нығайып келе жатқанымен, бірқатар мәселелер әлі де өткір тұр. Сондықтан, Денсаулық сақтау вице-министрі бастап келген республикалық штаб әрбір өңірдегі проблемаларды қарастырып, оны шешудің жолдарын талқылауда.

Лязат Ақтаева – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

–  Бүгін теріскейлік ақ халаттылармен ана өлімі жайын сөз еттік. Себебі, былтыр солтүстік өңірде бір факті тіркелген болатын. Биыл да дәл осындай жағдай орын алды. Сол себепті, әрбір өлімді егжей-тегжейлі зерттеп, оның туындау себебін қарастырдық. Талқылау барысында жергілікті ауруханалардың материалдық-техникалық базасын толықтыру қажет деген ұйғарым жасалды. Осыған орай аталған мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы қарастыру керек.

Алайда, білікті дәрігерлер болмаса, заманауи қондырғылармен толық жабдықталған медицина ұйымының да пайдасы шамалы болатыны айтпаса да түсінікті. Осы ретте жыл сайын ауруханалардың тапқан табысының 5 пайызы дәрігерлерді оқытуға жұмсалады екен. Вице-министрдің сөзінше, бұл қаражат аз етеді. Сондықтан, мәселені шешу үшін өңір қазынасынан ақша бөлу керек дейді. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет айтылған жайттар ескерусіз қалмайтындығын жеткізді. Кейін жиында барша елді дүрліктірген менингококк инфекциясы сөз болды. Еске сала кетейік, қыркүйектің 26-сы аталған дерттен теріскейлік бойжеткен көз жұмған болатын.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Айыртау ауданының 19 жастағы тұрғыны қыркүйектің 10-ы дәрігердің көмегіне жүгінген. Оны ақ халаттылар ең алдымен ангинадан емдепті. 4 күннен соң ол өзін жақсы сезінген көрінеді. Алайда, қыркүйектің 24-і ауруы бірден асқынып кеткен. Келесі күні оны аудандық ауруханаға жатқызады. Дәрігерлер қажетті сараптамаларды жасап, көмек көрсеткенімен, нәзікжанды көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша ол менингококк инфекциясына шалдыққан. Қазір бойжеткенмен араласқан 60-қа жуық адам бақылаудан өтуде.

Анықталғандай, марқұм болған қыз қыркүйектің 6-сынан бастап сырқаттанған екен. Алайда, ауруға мән бермей, ақ халаттылардың көмегіне кеш жүгініпті. Осы орайда, еліміздің бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындарды өзін-өзі емдеумен айналыспауға шақырады. Себебі, қарапайым жедел респираторлық вирус пен тұмаудың белгілері менингитке өте ұқсас.

Жандарбек Бекшин – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы:

– Дәрігерлерге айтарымыз- менингококк инфекциясы ұқсас белгілермен келген әрбір науқасты жіті тексеріп, барлық қажетті сарапталарды жасау қажет.

Бұл жағдайдан соң жергілікті дәрігерлер менингитке ұқсас белгілермен көмекке жүгінгендердің барлығын дерлік толық тексерістен өткізуде. Мәселен, кеше ғана сағат 16-00-де 45 жастағы азамат аталған инфекцияны жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылыпты. Қала тұрғыны жуырда ғана түзету мекемелерінің бірінен шығып, көңіл көтерген көрінеді. Алайда, көптен күткен бостандықты тойлаудың соңы өзі ойлағандай аяқталмады. Азаматты бақылауға алған ақ халаттылар оның менингит дертінің бар-жоқтығын тексерген.

Жандарбек Бекшин – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы:

 – Кешегі жағдай менингитке жатпайды. Біз кейбір белгілерін байқағандықтан, жедел түрде барлық тексерістерді жүргіздік. Қуанышқа орай, менингококк инфекциясы расталмады.

Жалпы, жыл басынан бері еліміз бойынша 83 адам менингококк инфекциясын жұқтырған. Өкінішке қарай, бұл жағдайлардың 15-і өлімге әкеп соқтырды.

Эльмира Садвокасова