Спорт

Дене тәрбиесі мұғалімдері футбол сабақтарын өткізуді үйренді

Жаңа оқу жылы басталғалы теріскейлік 46 мектепте дене тәрбиесі сабағында футбол негіздері оқытылып келеді. Бұл жобаны білім және ғылым министрлігі мен отандық футбол федерациясы бірлесіп жүзеге асыруда. Осыған орай, бүгін солтүстікқазақстандық мұғалімдерді футбол сабақтарын тиімді өткізуге үйрететін екі күндік семинар бастау алды.

Ел мектептерінде дене тәрбиесі сабағы аптасына үш рет өткізіледі. Қазір республикада үшінші 40-минуттықты футболға арнау практикасы кең қанат жаюда. Мектеп жасындағы балалар арасында аталған спорт түрінің танымалдылығын арттыруға бағытталған бұл бастама бүгінде ел бойынша 800-ге оқу ордасында қолданылып келеді.

Саят Ермек – тілші:

– Білім және ғылым министрлігі мен ҚР футбол федерациясы бірлесіп жасаған жоба дарынды балғындарды анықтауға бағытталған. Кім біледі, мүмкін бұл балақайлардың ішінде болашақ футбол жұлдыздары бар шығар.

Бұл жоба 46 теріскейлік мектепте де жүзеге асуда. Яғни, бұл білім ошақтарының оқушылары бір дене шынықтыру сабағын футболдың қыр-сырын меңгеруге арнайды. Сондықтан өңірлік дене тәрбиесі оқу-әдістемелік орталығы футбол федерациясы және министрліктің бас болуымен дене тәрбиесі мұғалімдері үшін 2 күндік семинар ұйымдастырған.

Раушан Тоқай – ҚР білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас бапкері:

– Бұл жоба оқушыларды спорт ойындарына қызықтыру үшін жасалып отыр. Мұнда ұлдар да, қыздар да бірдей жаттығады. Екіншіден, ҚР футбол федерациясынан “Д” категориясын алған бапкерлер футбол клубтарында бапкерлік қызмет атқаруға құқылы болады.

Қазір күллі Солтүстік Қазақстан обысынан жиналған 90-ға жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне “Қызыл-Жар” футбол клубының жанындағы жастар орталығының тәжірибелі бапкерлері сабақты қалай өткізу керектігін үйретіп жатыр. Бұл ұстаздар білген-түйгендерін кейін өз сабақтарында қолданатын болады.

Сабыржан Мұханов – Ақжар аудандық балалар мен жасөспрімдерді физикалық дайындау клубының директоры:

– Біздің ұлдар облыс чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп жүр, тағы ұлттық құрама сапында ойнайтын қыздарымыз да бар. Бұл семинарлар мен ашық сабақтар өте жақсы. Білгенімізді елдегі бапкерлерге көрсетеміз, олар бұл әдістерді өз сабақтарында пайдаланады.

Практикаға көшпес бұрын мұғалімдер күннің бірінші жартысында теорияны меңгеріп алыпты. Ал ертең семинар “Жастар” стадионында жалғасын таппақ.

Саят Ермек