Аптадағы маңызды жаңалықтар

Білім саласындағы жемқорлық жайы

Білім саласындағы жемқорлық – елімізде өткір тұрған проблемалардың бірі. Былтыр республика бойынша білім беру жүйесінде парақорлықтың 200 фактісі тіркелген. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары өңірдің ұстаздар қауымымен бірігіп, жиын өткізді.

Бір қорап шоколад пен гүл. Білім беру саласындағы жемқорлық дәл осындай бір қарағанда, кішігірім, болмашы сыйлықтан бастау алады. Осылайша, ата-аналар қауымы бүлдіршіндерін балабақша кезегінде жылжытып, оның таңертеңгілікте жүргізуші болуын қамтамасыз етуге тырысады. Кейін, бұндай жағдай мектептегі бастауыш сынып мұғалімін таңдау барысында, олимпиадаға қатыстыру кезінде тағы қайталануы мүмкін. Әке-шешесінің қитұрқы әрекетін көріп өскен баланың да ертең парақорлыққа бармасына кім кепіл? Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары дабыл қағуда.

Елена Степаненко – – ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бүгінгі іс-шарада ауыз бастырық кең тараған салада оны түбегейлі жоюдың жолдары қарастырылады. Елбасы Н.Назарбаев та өзінің ұлттық баяндамасында білім беру жүйесін жемқорлық етек жайған салалардың біріне жатқызған болатын. Былтыр еліміз бойынша білім беру мекмелерінде осындай 200 факті тіркелген. Сондықтан, аталған бағыттағы жұмысты білім басқармасымен бірігіп атқарудамыз.

Мектепте оқушылар мен ұстаздардан қаражат жинау да өткір тұрған мәселелердің бірі. Сондықтан, білім ошақтарында қазір қамқоршылық кеңестері жұмыс істейді.

Ерік Нұрахметов – қалалық білім бөлімінің бас маманы:

– Аталған кеңестердің бүгіндегі басты бағыты – мектепке қажет қаражатты сырттан тарту. Яғни, түрлі әлеуметтік, қоғамдық, спорттық шараларды өткізуге көмек көрсету. Бұл ретте кеңес төрағасын дұрыс таңдай білу қажет. Ол қаржының тиімді жұмсалуын қадағалауы тиіс.

Бұл – сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатындағы жұмыстардың тек бір парасы ғана. Бұған қоса, күнделікті білім ошақтарында оқушылар және мұғалімдермен бірге ауыз бастырықтың қылмысқа әкеп соқтыратыны түсіндіріліп, кешенді шаралар өткізіледі екен.

 

 

Эльмира Садвокасова