Тұлға

Александр Мерк 70 жасқа толды

Өңірдің ұлағатты ұстазы – Александр Мерк 70 жасқа толды. Жерлесіміздің мерейтойын әріптестері бар сән-салтанатымен атап өтті. Туған күн кешінде Александр Мерктің үзеңгілестері тау тұлғаның ғибратқа толы өмір жолын сөз етіп, жылы лебіздерін білдірді.

Ашық жарқын қабағы, қонақ келсе шабылып бір қалады. Ұлты неміс болғанымен
Александр Мерктің бойында қазаққа тән қасиет бар. Оны қашан көрсең де көпшіліктің ортасында жарқырап жүреді. Содан болар, оны жерлестері ерекше құрметтейді. Биыл бұл адам 70 жасқа аяқ басып, ақсақал атанды. Мерейтой иесін құттықтауға келген халықтың қарасы қалың. Облыстық филармонияның залында ине шаншарға жер жоқ. Үзеңгілестері, достары, шәкірттері еліміздің ағарту саласына елеулі үлес қосқан тұлғаға орындарынан тұрып, қошемет көрсетті.

Александр Мерк сахна төріне жайғасып, мәнді де, мағыналы өмір жолынан аз-кем ақпарат берді. Жерлестерінің жылы лебіздерін қабылдады. Біреулері құттықтауларын сөзбен, басқалары ән-бимен жеткізді.

Александр Мерк 10 жылдан артық зауытта инженер-механик мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, сонша жыл колледж қабырғасында шәкірттерді даярлауға ат салысты. Кейінгі 30 жылде Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжіне жетекшілік етіп келеді. Осы мерзім аралығында оқу ордасынан 30 мыңнан астам маман түлеп ұшқан. Бүгінде ақсақалдың шәкірттері түрлі саланың тұтқасын ұстап, белді кәсіпорындарда тер төгіп жүр.

Александр Мерк өңір тұрғындарының арасында жоғары беделге ие. Өйткені, ағарту саласынан бөлек, ол қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып жүр. Кезінде облыстық, қалалық мәслихаттың депутаты болған. Нұр Отан партиясының жергілікті жердегі филиалын да алғашқылардың бірі болып басқарыпты.

Виктор Нелюба:

– Александр Андреевич өте белсенді адам. Барлық саналы ғұмырын жастарға арнап келеді. Білімге ғана емес тәрбиеге де ерекше көңіл бөледі. Жастарды сауатты, тәртіпті болуға үйретеді. Берілмейтін, бір беткей жан. Ауыр науқастанып қалған кездері болды. Сонда да қиындықтарға мойын ұсынбай, төзімділіктің үлгісін көрсете білді.

Еліне адал қызмет еткен адам ешқашан далада қалмайды дейді 70-ке жеткен мерей той иесі. Сондықтан, жерлестерінен қолдау барда, сүйікті ісін жалғастыра бермек.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледж:

– Мен қиындықта шыңдалдым. Жас кезімде өндіріс ошағында да еңбек еттім. Қазіргі таңда өзім жетекшілік ететін колледжде еңбек нарығына қажетті жаңа мамандық түрлерін ашып жатырмын. Тәжірибе жинақтып, еңбегімен елге еленіп жатқан студенттерімді мақтан тұтамын. Өмірден өз орындарын тауып жатқандарына қуаныштымын. Өмірде қандай жағдай болмасын, жаңа нәрсені меңгеруге құлшынып тұру керек. Бойымда күш-қуатым барда, талмай еңбектенемін. Әлі де оқу үрдісіне, өндіріске инновациялық технологияларды енгізуге үлес қоссам деген мақсатым бар.

Осы күні мерейтой иесінің наградалар қоры “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті ардагері” төсбелгісімен толықты.

Берік Қасен