Білім

№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде бизнес орталық ашылды

17-ші ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде “Рухани жаңғыру” бағдарламасының “Кәсіпкерлік негіздері” жобасы аясында бизнес орталық ашылды. Онда 10-шы, 11-сынып оқушылары факультатив ретінде бизнес туралы жалпы білім алатын болады.

Ең алдымен, мектеп директоры жиналғандарға кіші-гірім экскурсия ұйымдастрып, меймандарды оқушылардың жетістіктерімен таныстырып өтті. “Кәсіпкерлік негіздері” жобасының жетекшісі нақ осы білім ошағының түлегі. Сондықтан, бизнес орталықты өзінің туған мектебінде ашуды жөн көрген.

Ермек Тентек – “Кәсіпкерлік негіздері” жобасының жетекшісі:

– Бүгін біз №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде бизнес орталық ашып отырмыз. Онда оқушыларға бизнесті бастаудың және клиенттермен жұмыс істеудің алғышарттары оқытылады. Жастарға экономика маманындығын аяқтаған адам сабақ береді. Биыл еліміздегі 17 мектепте осы жоба бойынша шаруа атқарылуда. Мәселен, питлоттық жоба 1 қыркүйектен бастап Бескөл ауылындағы гимназия мен қалалық 1-ші гимназияда бастау алды. Яғни аталған білім ошақтарында бір ай бойы “экономика” пәні оқытылуда.

Көрме барысында 1 гимназияның мұғалімдері меймандармен өздерінің 1 айлық жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Олар проектілерін теория жүзінде көрсетсе, 14-ші орта мектеп практикалық тұрғыда ұсынды. Оқушылар көрмеге өз қолдарымен жасаған түрлі бұйымдары мен туындыларын алып келген. Олардың қатарында Жадыра Исина да бар. 5-ші сынып оқушысы өз жұмыстарын саудаға шығарудың қыр-сырын меңгеріп жүр. Ал болашақта өз бұйымдарының салонын ашпақшы.

Жадыра Исина – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектеп оқушысы:

– Мен анаммен отырып түрлі бұйымдар жасаймын. Технология пәні сабағында да түрлі дүиені үйренемін. Бұл іс өзіме қатты ұнайды. Болашақта әшекейлерді сататын салон ашқым келеді.

Сонымен, бизнес орталық салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады. Шараға жиналғандар кабинеттің ішімен танысты. Мұнда 10-шы, 11-сынып оқушыларына арналған факультатив сабақтары өтетін болады. Бизнес орталықпен танысқан соң меймандар 17-ші мектеп ұжымы дайындаған кішігірім концерттік бағдарламаны тамашалады.

 

Молдир Макишева