Қоғам

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Қазанның алғашқы жұлдызы – халықаралық қарттар күні. Осыған орай облыс аумағында 1 ай көлемінде ауқымды іс-шаралар өтпек. Нақтырақ айтатын болсақ, мерекеде қазыналы қарияларымызға арнап концерттер ұйымдастырылады, материалдық көмек көрсетіледі. Одан бөлек, зейнеткерлер 1 күн бойы қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктерде тегін жүре алады.

– Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, қариялар күнін атап өту дәстүрі Еуропа елдерінде басталған. Кейінірек, бұл игі шараны америкалықтар қолға алыпты. Ал, Қазақстанда бұл мереке 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясынан соң пайда болды. Ол жиында 1-ші қазан – Халықаралық қарттар күні деп бекітілген болатын.

Міне, осыдан бастап елімізде қазыналы қарттарымызға ерекше құрмет көрсетіледі. Нақтырақ айтатын болсақ, қазан айы бойына егде жастағы жандарға арналып концерттер ұйымдастырылады, материалдық көмек ұсынылады. Одан бөлек, белсенді жастар ардагерлердің үй шаруасында септеседі. Мұндай шаруадан теріскейліктер шет қалып жатқан жоқ. Жерлестеріміз биылғы мерекеге де қызу әзірленіп жатыр.

Сара Тасеменова – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Қаламызда 43 мың 656 зейнеткер тұрады. Бұл жандардың қатарына мемлекеттік жәрдемақы алатын тұрғындарды қосатын болсақ адамдардың жалпы саны 60 мыңға жақындайды. Осы жерлестеріміздің барлығына көмек көрсетеміз деп ойлаймын. Айлық бойынша әртүрлі іс-шараларды жоспарлап отырмыз.

Иа, қалалық ардагерлер кеңесі халықаралық қарттар күніне орай әртүрлі іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Мәселен, мерекеге байланысты 1 ай көлемінде шаһардағы барлық мектептер мен мәдениет мекемелерінде мерекелік жиындар ұйымдастырылмақ. Қариялар музейлерге экскурсияға барады. Тағы, оларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Сара Тасеменова – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

-Ұйымдастырушы комитеттің шешімі бойынша қарттарға ақшалай көмек көрсетіледі. Қаржы жергілікті ұйым қызметкерлерінің бір күндік жалақысынан жиналған болатын. Бұл қаражаттың 50 пайызы сол мекемеде талай жыл еңбек еткен жандарға берілсе, қалғаны облыстық және қалалық ардагерлер кеңесіне аударылды. Оны біз егде жастағы тұрғындарға үлестіріп береміз. Бұдан бөлек, біз мерекеде жергілікті және өңірдің бірқатар аудандарында тұратын қарттарды құттықтап барамыз.

Тағы айта кеткен жөн, қазанның 1-і күні қарияларымызға қала ішінде автобуспен жүру тегін болды. Яғни, зейнеткерлер өздерінің құжаттарын көрсетіп қоғамдық көліктермен ақысыз қатынай алмақ.

Култанов Байболат