Ауыл шаруашылығы

Теріскейдегі орақ науқаны жалғасуда

Теріскейдегі күзгі жиын-терім жалғасуда. Қазіргі таңда қамбаға 2 млн 62 мың тоннадан артық дәнді дақылдар мен 425 мың тоннадан астам майлы тұқымдастар құйылды. Орташа шығымдылық гектарынан 16,5 центнерден айналып отыр.

“Полудинское” ЖШС-нің диқандары ала жаздай күтіп-баптаған алтын дәнді қыркүйек айынан жия бастапты. Шаруаны мерзімінде аяқтау үшін күзгі жиын-терім жұмыстарына 50-ге жуық адам жұмылдырылған. Орақ науқанында олардың күнделікті жұмысы таңғы сағат 8-ден, түн жарымына дейін жалғасады екен. Сергей Суховой алқапта жүйткіген 12 комбайнның бірін тізгіндеп жүр.

Ер азаматтың осы ауыр техникамен тіл табысып жүргеніне биыл 18 жыл болыпты.

Сергей Суховой – “Полудинское” ЖШС механизаторы, М.Жұмабаев ауданы:

 – Қазір жаңартылған техниканы тізгіндеу, астық жинау жеңіл, әрине. Мұнда менің 21 жастағы ұлым да еңбек етеді. Ол трактормен дәнді дақылдарды қырманға тасиды. Жалақымыз көңілімізден шығады.

Осы жылы “Полудинское” ЖШС 9 мыңнан астам жерге дәнді дақыл сепкен. Бүгінге дейін астықтың 66 пайызы жиналып, 12 мың тоннаға жуық бидай бастырылды. Алқаптар гектарынан орташа есепппен 19 центнерден өнім беріп жатыр. Көп ұзамай мұндағылар биылғы бидайды өз диірмендерінде үгіп, кейін ұнды Ауғанстан мен Тәжікстанға экспортқа жөнелтеді.

Эльдар Омаров – “Полудинское” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

–  Келесі жылдан мал шаруашылығын қолға алмақшымын. Ол үшін зеңгі баба төлдеріне арналған база сала бастадым. Құрылысты келер жылдың мамыр айында аяқтап, 300 бас ірі қара малды сатып аламын.

Әзірге “Полудинское” серіктестігінің алдында бар өнімді екі аптаның ішінде орып, дестелеу жоспары тұр. Барлығы М.Жұмабаев ауданының диқандары биыл 276 500 гектар жердегі дәнді және 95 мың гектар алқаптан майлы тұқымдастарды жинап алуы тиіс.

Арман Әбілқайыров – М.Жұмабаев аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Қазіргі уақытта дәнді дақылдар себілген аумақтардың 210 мың гектары орылып, 185 мың гектары бастырылды. Берекелік, орташа алғанда, 15,2 центнерден айналуда. Ал, майлы дақылдардың 65 мың гектары шабылса, 39 мыңы бастырылды. Мұнда танаптар гектарынан орташа есепппен 7,9 центнерден өнім беріп жатыр. М. Жұмабаев ауданында бүгіндері 62 серіктестік пен 275 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметі бойынша бүгінде теріскейдегі күзгі ырыстың 73 пайызы бастырылды. Өңірдегі гектар берекелігі, әзірге 16,5 центнерден айналуда. Ал, майлы дақылдарға тиесілі алқаптардың 43,3 пайызы орылып, орташа түсім гектарынан 8,8 центнерді құрайды.

Тогжан Акмагамбетова