Спорт

Теріскейде көркемдік гимнастикадан ҚР кубогы үшін турнир өтті

Петропавлда юниорлар арасында көркем гимнастикадан ел кубогы үшін турнир өтті. Дүбірлі додаға барлық өңірлерден жиылған 200-ге жуық гимнастшы қатысты

Пластика, түрлі акробатикалық жаттығулар мен хеореографиялық би. Дәл қазір жарысқа қатысушылар көркем гимнастиканың түрлі жаттығуларын доппен де, лентамен де орындап жатыр. Солардың бірі – Виктория Суховецская. Оның гимнастикамен айналысып жүргеніне 7 жыл болыпты. Осы уақыт бойына шеберлігін шыңдап келетін Виктория болашақта әлем чемпионатында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанғысы келеді екен.

Виктория Суховецкая – жарысқа қатысушы, Павлодар облысы:

– Мен гимнастиканы ұнатамын. Жаңа ғана өз өнерімді көрсеттім. Кілемге шығар алдыңда біраз қобалжыдым. Дегенмен, барлық жаттығуларды нақты және қатесіз орындадым.

Турнирде республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып жүрген гимнастшылар да бар. Сабина Қадырмақызы спорттың бұл түрімен 5 жыл айналысады екен. Жеткіншек маңдай терін төккен жаттығулар көп кешікпей өз жемісін береді деген ойда.

Сабина Қадырмақызы – жарысқа қатысушы, СҚО:

– Мен қойған бағдарлама әдемі болды. Және көрермендердің көңілінен шықты деп ойлаймын. Өзіме алға қойған мақсат-міндеттер көп. Алдағы уақытта мен Алина Қабаева секілді атақты гимнастшы болғым келеді.

Жиылған көрермен де бұл әдемілікке бейжай қарай алмай, жас спортшыларды барынша қолдап отыр.
Иілгіштік, кербездік, нәзіктік пен әртістік қабілет. Міне осы критерийлерге кез келген гимнастшы сай болуы керек дейді спортшыларды бақылайтын әділ қазылар.

Оксана Розанова – көркем гимнастика бойынша аға жаттықтырушы, Шымкент қаласы:

– Бүгінгі турнирде 2007 жылғы және олардан кіші гимнастшылар сынға түседі. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 27 құрама жиылған. Аталмыш бәсекеде қатысушылар алдымен топ болып өнер көрсетеді. Кейін спортшылар жеке билерін әділ қазылар алқасына ұсынады. Гимнастшылардың пластикасы мен әртістік қабілетіне баса мән беріледі.

Екі күнге жалғасатын дүбірлі додада 200-ге жуық гимнастшы бақ таластырады. Осы турнирде жеңіске жеткен 8 қыз көпсайыстың жекелей түрлерінен ертең өтетін ел чемпионатында сынға түседі.

Саят Ермек