Денсаулық сақтау

СҚО-да менингококк инфекциясынан 19 жастағы қыз қайтыс болды

Солтүстік Қазақстан облысында менингиттен 19 жастағы қыз қайтыс болды. Айыртау ауданындағы Кириловка селосының тұрғыны қыркүйектің 26-сы күні таңғы сағат 10 кезінде ауыр жағдайда аудандық ауруханаға жеткізіліпті.

Жергілікті жердегі дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен бойжеткен 5 сағаттан соң комаға түскен. Ақ халаттылар науқастың өмірін арашалап қалуға тырысқанымен, ол түнгі 10-да көз жұмған. Айта кетейік, марқұм болған азаматша Көкшетау қаласындағы қазақ гуманитарлық техникалық колледжінің 1-курсында оқып жүріпті. Бұған дейін өзі тұратын елді мекендегі медициналық пунктке жүгініп, ем қабылдаған екен. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы Арман Күшбасовтың сөзінше, қыз баланың өліміне алдын ала болжам бойынша менингококк инфекциясы себепші болған.

 Арман Күшбасов – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Алдын ала болжамға сәйкес оған “лакунарлы ангина” деген диагноз қойылды. Өңір тұрғынының өліміне нақты не себеп болғаны 5 күннен кейін белгілі болады. Бойжеткенмен араласқан 26 адамға медициналық тексеріс жүргізілді. Олардың қауіпті дертті жұқтырғандығы анықталмады. Біз бұл оқиға жайындағы ақпаратты Ақмола облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жолдадық. Олар қазір студент білім алған оқу орнын тексеріп жатыр.

 

Бахыт Садвокасов