Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында күзгі вакцинациялау малдың 85 пайызын қамтыды

Биыл Қызылжар ауданында төрт-түлікті вакцинациялау ісіне аудандық бюджеттен 78 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде күзгі екпе салу жұмыстары барлық малдың 85 пайызын қамтыды.

Жанат Козин Ивановка ауылында тұрады. Қол қусырып отырмау үшін жақында мал шаруашылығына ден қойыпты. Өткен жылы 60 сиыр күткен кәсіпкердің бүгінде малы 2 есеге артқан. Қазіргі таңда ол мүйізді ірі қарадан сауған сүтін өткізіп, кәсіпкерлігін дөңгелетіп жүр. Тұтынушыларына қауіп төнбеу үшін ауыл тұрғыны барлық төрт-түлігін күзгі вакцинациялау шарасынан өткізіпті.

Жанат Козин – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Ірі қараға өткен жылы да екпе жұмыстары жүргізілді. Құжаттарын әкеліп, барлық егілген вакцинаны тіркетіп отырамын. Қуанышқа орай, төрт-түлігім осыған дейін ауруға шалдығып көрген емес. Қазір 120-ға жуық ірі қара мал ұстаймын. Олардың барлығын біздің облысымыздан сатып алдым.

Ал бүгін ветеринар кәсіпкердің төрт-түлігін бруцеллез және туберкулез ауруларына тексерді.

– Мал дәрігері ірі қарадан бруцеллездың бар-жоқтығын анықтау үшін қан сынамасын алды. Оған небәрі 10 мл қан жеткілікті. Кейін бұл сынама зертханаға жіберіледі. Ал бір жұмадан соң оның нәтижесі белгілі болады.

Сондай-ақ, ірі қарадан туберкулез белгілерін анықтау үшін малдың денесінен сұйықтық алынады. Аталған сынамада 72 сағаттың ішінде көпіршіктер пайда болса, бұл сиырдың ауруға шылдыққанын білдіреді. Жалпы, бүгінге дейін осындай алдын- алу шаралары Бескөл округы бойынша барлық малдың 85 пайызын қамтыған.

Александр Подкорытов – Бескөл округының мал дәрігері, Қызылжар ауданы:

– Дәрі егіліп, қан алынған малдың құжатына қандай ауруға қарсы екпе жасалғандығы жазылады. Барлық мәлімет тіркеуге алынады. Әзірге округте жағдай тұрақты, ешбір қауіпті ауру анықталған жоқ. Былтыр 3 сиырдан бурцеллез шықты. Тиісті шараларды орындадық. Бұрындары бұндай екпе жұмыстары 5 жылда бір рет жүргізілетін. Қазір 1 жылда 2 рет жасайтын болдық.

Қызылжар ауданында осыған дейін вакцинациялау шаралары көктемде жүргізілген еді. Ал бүгінде аудан бойынша күзгі иммундау жұмыстары басталған. Биыл бұл іске жергілікті бюджеттен 78 млн теңге қаржы бөлініпті.

Исмағзам Құдасов – Қызылжар аудандық ветеринарлық стансаның басшысы:

– Жылдың бойында көктемде жұмыс жүргізілді. Мамыр айында аяқтадық. Барлығын 100 пайызға орындадық. 2-ші план бойынша күзгі вакцинациялау жасап жатырмыз. Барлығы Қызылжар ауданында 43 мың қара мал бар.

Төрт-түліктің күзгі вакцинациясын мал дәрігерлері қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Молдир Макишева