Спорт

“Құлагер” ХК өз айдынында атыраулық “Бейбарысты” қабылдады

Шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігі жалғасуда. Кеше петропавлдық “Құлагер” өз айдынында Атыраудың “Бейбарысын” қабылдады. Айта кетейін, өткен маусымдағы плей-офф сериясында біздің жігіттер дәл осы құрамаға есе жіберіп, сан соққан болатын.

Қос құраманың матч бойы бір-біріне оңайлықпен берілмейтіні бірінші периодтан-ақ белгілі болды. Шабуылдарды санауға саусақ жетпейді, бірақ бұл ыждаһат “Бейбарыс”-қа да, “Құлагер”-ге де еш басымдық бермеді. Алғашқы периодта есеп ашылмады. Екінші кезеңде де дәл сол жағдай. Бірақ, бұл жолы қарсыластар агрессияға көшті. Аталған матчты биылғы маусымдағы ең дөрекі ойындардың бірі десек, артық айтқандық болмас. Себебі, әр бес минут сайын хоккейшілер айып орындығына жайғаса берді. Шиеленіс шарықтау шегіне жеткенде, жүйке сыр беріп, ойыншылардың бір-біріне жұдырық жүгірткен сәттері де аз болмады.

Саят Ермек – тілші:

– Кездесудің қаншалықты тең, қаншалықты тартысты өтіп жатқанын байқау үшін таблоға назар аудару керек. 0:0 – есеп әлі ашылмады. 40 минут бойы қос құрама да қарсылас қақпасының осал тұсын таба алмай келеді. Үшінші периодта жағдай өзгере ме?

Үшінші, шешуші, кезең. Қос командаға да шайба керек, сондықтан “Бейбарыс” та, “Құлагер” де жинақы. Бірақ соңғы минутқа дейін қос қақпаның қамалы бұзылмады. Енді овертаймға дайын отырған жанкүйер қауымы матч аяғына 13 секунд қалғанда айқайлай жөнелді.

Шайба “Бейбарыс” қақпасында. Соққан – капитан Ильгиз Нуриев.

Ильгиз Нуриев – “Құлагер” ХК капитаны:

– Бізде құрам бойынша проблема болды. Сыртта өткен кездесулерден 5 негізгі ойыншымыз жарақатпен оралған болатын. Ахметов, Анндрейкив сынды азулы шабуылшылар айдынға шыға алмады. Бұған қарамастан жігіттер жарады. Әсіресе қақпашы Янков матчты 0-ге ойнап шықты. Өте қиын жеңіс. Соңғы сәтте суырып алдық. Бұған жанкүйерлердің сенімі мен қолдауы септесті.

Бүгін теріскейлік жігіттерді атыраулықтарға қарсы қарымта ойын күтіп тұр. Әзірге 22 ұпаймен “Құлагер” шайбалы хоккейден ел бірінішілігінің турнирлік кестесінде көш бастап тұр.

Саят Ермек