Аптадағы маңызды жаңалықтар

Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті

Петропавлда партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Басқосуда “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан жолдардың сапасы мен осы шаруаны атқаратын серіктестіктердің жұмысы қаралды.

Партиялық бақылау комиссиясының отырысында 2 мәселе қаралды. Алғашқысы, облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар жолдардағы жөндеу жұмыстарына қатысты. Қазір “Нұрлы Жол” бағдарламасы шеңберінде өңірдегі бірқатар күре жолдар жаңартылып жатыр. “ҚазАвтоЖол” АҚ жергілікті филиалы басшысының сөзінше, биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 11 млрд. 195 млн. теңге бөлініпті. Қомақты қаржының бір бөлігіне Петропавлдан РФ-ның Қорған облысына апаратын тас жолда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Болатбек Айтбаев – “ҚазАвтоЖол” АҚ СҚОФ директоры:

– Республикалық маңыздағы күре жолды жөндеу 2 кезеңнен тұрады. 1-ші учаскеде 5,1 млрд теңгенің, ал 2-шісінде 3,5 млрд теңгенің шаруасы тындырылды. Сонымен қатар, қаланың кіре берісіндегі көпір де жаңартылуда. Темір жол үстінен өтетін нысанға асфальт-бетон қабатын төсеп, барлық инфрақұрылымды тартуға 415 млн. теңге қарастырылған. Шаруа аяқталуға шақ қалды. Қазір мердігер компанияның мамандары соңғы жұмыстарды орындап жатыр.

Орайы келгенде, отырысқа қатысушылар облыстық маңызы бар жолдардың жағдайын сөз етті. Мәселен, Петропавл-Қостанай тас жолының Жамбыл ауданынан өтетін бөлігі әбден тозған. Көлік апаттары жиі орын алатын учаскенің жылда тек шұрық-тесіктері ғана жамалып отырады екен.
Бұдан соң, облыстық ішкі аудит департаментінің мамандары дәл осы көлік қатынайтын жолдарды қалыпқа келтіретін мердігер компаниялардың былығын әшкереледі. Қадағалаушы орган жыл басынан жол құрылысына қатысты 22 жобаны тексеріп, солардың 6-да қателіктер тапқан.

Зәуреш Қапарова – СҚО ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары:

– Мәселен, “Петропавл-Лавровка-Келлеровка-Чкалов” бағытындағы тас жолдың 117-129-шы шақырымында құрылыс жұмыстары стандарқа сай атқарылмаған. Бізге арыз кеш түсті. Мердігер серіктестікпен келісімшарт жасалып, тиісті қаражат аударылып қойғандықтан, ескерту жасаумен ғана шектелдік. Алғашында шаруаны “Қостанай жолдары” атқаруы тиіс болса, кейін байқауды “Көкшетау жолдары” ұтып алды. “Астрханка-Қиялы-Алексеевка” тас жолында да олқылықтар анықталды. Ондағы заңбұзушылықтың көлемі 134 млн теңгені құрайды.

Кейін отырысқа қатысушылар Есіл, Ғ.Мүсірепов пен Жамбыл аудандарындағы “Нұр Отан” партиясы филиалдарының биылғы жұмысы жайлы есептерін тыңдады.

Бахыт Садвокасов