МТРА жаңалықтары

Өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысы

Қараша айының басында Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Қазір ауқымды іс-шараға жан-жақты қызу дайындық жүргізілуде. Бұл ретте шаһарымыздағы 19 қонақ үй барлығы 750-ден астам адамды қабылдауға қауқарлы.

Кең бөлме, жайлы төсек-орын, заманауи технологиялардың игілігі мен жоғары деңгейдегі сервис. Бұл кез-келген мейманның демалысына қажет дүниелер. 18 жыл бұрын ашылған «Скиф» қонақ үйі аталған талаптарға ерекше көңіл бөледі. Апартаменттердің жағдайын жақсарту мақсатында үстіміздегі жылы нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Шаруаның дені өз мәресіне жеткен. Қазір тек лифт пен мейманхананың қасбеті жаңартылуда.

Юлия Жевнодей – «Скиф» қонақ үйінің менеджері:

– Мейманханада барлығы 73 бөлме бар. Оның жартысына жуығы бизнес класс санатына жатқызылады. Тағы 6 люкс пен бір гранд делюкс бөлмесі қарастырылған. Осылайша, бір уақытта 100-ден астам келушіні қарсы ала аламыз. Биыл барлық бөлмелердегі жиһаздар мен төсек-орынды ауыстырдық. Сондай-ақ, жаңа дизайн бойынша әрледік. Барлығы еуропалық стандарқа сай.

Бөлменің құны оның санатына байланысты 12 мен 46 мыңның арасында. 3 жұлдызды мейманхана тұрушыларын таңғы аспен қамтамасыз етеді екен. Одан бөлек, спа, бассейн мен фитнес залдың қызметтері тегін көрсетіледі.

 Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Алдағы уақытта қаламыздағы қонақ үйлердің қатары тағы біреуімен толықпақ. «Телеграф» мейманханасының құрылысы жаз кезінде бастау алыпты. Қазір нысандағы жұмыс қызу. Ал, қазанның 15-інен бастап қонақ үй алғашқы келушілерімен қабылдамақ.

Әзірге мейманхананың қандай болатынын елестету қиын. Құрылыс жұмыстары 600 шаршы метр аумағында жүргізілуде. Мұнда күнделікті 15 шақты адам еңбек етеді. Бүгінде мамандар нысанның ішін әрлеп жатыр. Жалпы, қонақ үйде бар-жоғы 14 бөлме қарастырылған. Алайда, олардың барлығы бірдей еуростандартқа сай болмақ. Бірнешеуі орташа, қалғаны люкс пен бизнес-класс, стандарт плюс санатындағы бөлмелер. Әрбірінің аумағы 18-20 шаршы метрді құрамақ. Бір мезетте мейманхана 30 шақты демалушыны қабылдауға қауқарлы.

Эльмира Сәдуақасова