МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы өзгереді

2019 жылы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысына факторлық-балдық шкала енгізіледі. Бұл жайлы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде сөз болды. Жаңашылдық жайын ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Елена Степаненко әңгімеледі.

Оның сөзінше жыл басынан бері бұл режимде ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі, Әділет министрлігі және Маңғыстау облысы мен Астана қаласынің әкімдіктері жұмыс істеп жатыр. Мұндай өзгеріс өзінің нәтижесін бере бастапты. Мәселен, жоғарыда аталған органдарда еңбек ететін мамандардың жалақысы 2-2,5 есеге артқан. Оның үстіне факторлық-балдық шкала арқылы жақсы жұмыс істеп, көзге түскен қызметкерлер 4 айлық немесе жылдық еңбекақы көлемінде сыйақы да алады. Айта кетейік, бұл жаңашылдыққа үстіміздегі жылы Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы жергілікті атқарушы мекемелер көшеді. Ал, келер жылдан бастап аталған жүйе еліміздің барлық өңірінде орнайды. Тағы, брифингте СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Дулат Тайшабай тиісті талаптарды орындамай тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілерге тоқталды. Оның сөзінше, былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда биыл теріскейде заңбұзушылықтар біршама азайған.

Дулат Тайшабай – СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:

– Алдыңғы жылы бірінші жарты жылдықта 360 тәртіптік заңбұзушылық тіркелген болатын. Биыл бұл көрсеткіш біршама төмендеді. Осылайша 250-ді құрады.

Байболат  Култанов