МТРА жаңалықтары

Импорттық өнімдердің қауіпсіздігін бақылау басты назарда

Жыл басынан өңірімізге импортталған шетелдік тауарлардың 9 %-ы стандартқа сай келмейтін болып шықты. Олқылықтардың арасында өнімді таңбалаудағы қателер жиі кездеседі. Әсіресе, балық, ет, құс еті мен балалар ойыншықтарының басым бөлігінде таңбалау талаптары бұзылған.

Еліміздің аумағына өзге өңірлерден, тіпті алыс-жақын шетелдерден әкелінетін көкөніс пен бау-бақша өнімдерінің көпшілігінде адам ағзасына қауіпті нитраттар нормадан тыс кездесіп жатады. Сондықтан, түрлі дерттердің алдын алу мақсатында ай сайын облыстық денсаулық сақтау департаменті қызметкерлері осы өнімдердерге регламент бойынша бақылау жүргізеді. Мамандардың сөзіңше, көбіне олқылықтар өнімнің сапасынан емес, тауарды таңбалаудан кетіп жатады.

Самат Қазанбаев – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бөлімінің басшысы:

– Үстіміздегі жылдың 8 айында жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша балық және балық өнімдерінің 45,8 %, балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлардың – 41,4 %, балалар ойыншықтарының – 30,3 %, құс етінің – 21,1 %, ет және ет өнімдерінің – 19,6%, парфюмерлік-косметикалық тауарлардың – 13,8 %-ы дұрыс таңбаланбағаны анықталды. Біз әсіресе, балалар ойыншықтары мен азық-түлікті тексеруге ерекше мән береміз. Таңбалауға сәйкес келмеген өнімдер көбіне Ресей, Қытай, Түркия, Франция елдерінен жеткізілген.

Ал мына бактериологиялық зертханада өнімдер құрамындағы гендік-модификацияланған ағзалардың мөлшері тексеріледі. Лабораторияда  жыл басынан бері азық-түліктің 241 сынамасы жүргізілген. 6 жағдайда азық-түлік стандартқа сәйкес келмеген. Мәселен, шұжық, соя еті мен соя ақуызында ГМА (гендік-модификацияланған ағза) үлесі 9%-дан асып кетіпті. Күнделікті осындай сынамалардың жиырма шақтысын Ольга Мячина тексереді екен. Бұл салада 8 жылдық еңбек өтілі бар маманға арнайы “Rotor gene” аппараты көмектеседі. Бұл құрылғы өнімнің анализін жасап, нәтижені экран бетіне шығарады.

Ольга Мячина – Облыстық бактериологиялық зертхананың маманы:

– Зерханада біз тағы “2 аймақ ДНҚ ампликациясына” сараптама жүргіземіз. Жыл басынан бері 192 сынаманы қарастырдық. Олардың 40-ы стандартқа сай келмеді. Яғни, өнімде таңбалауда жазылмаған жануардың ДНК-сы анықталды.

Ал зертхананың келесі бөлімінде азық-түлікте паразиттердің бар-жоғы тексеріледі. Лабораторияда уақыттың басым бөлігі үлгіні дайындауға жұмсалады екен. Сынама дайын болған кезде, оны микроскоппен қарап, паразиттерді анықтайды.

Евгения Горленко – Облыстық паразитологиялық зерттеулер зертханасының маманы:

– Көкөністер және жемістерде кездесетін ауру-құрттардан сақтану үшін не істеу керек? Ол үшін қарапайым тазалық ережелерін ескерген жөн. Тамақ ішер алдында үнемі қолды жуып, дүкеннен сатып алған тауарларды тазарту қажет. Ал ет және ет өнімдерінінен таспа құрт сияқты ірі паразиттер жұғуы мүмкін. Сол себепті етті тек тоңазытқышта сақтаған абзал.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау департаментінің мамандары ай сайын азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтан уланудың алдын-алу үшін түрлі акцияларды ұйымдастырып жүр.

Альмира Жетписбай