Қоғам

Халық санағын жүргізудің жаңа әдісі

СҚО-да 2019 жылдың қараша айында халық санағы өтеді. Аталған үрдіс келер жылы жаңа әдіспен, яғни интернет және планшет арқылы жүргізіледі. Бұл артық құжаттардан арылып, барлық мәліметті электронды түрде толтыруға мүмкіндік бермек.

– Елімізде соңғы халық санағы 2009 жылы жүргізілді. Онда Қазақстанда 16 млн. 96 мың адам тұратындығы тіркелген. Сол кезде азаматтардың санын анықтау ісі дәстүрлі әдіспен өткізілді. Ал 2019-да жұмыстың барлығы басқаша ұйымдастырылмақ.

Келесі жылғы халық санағы 2 түрлі әдіспен өткізіледі. Осылайша отбасы мүшелеріне қатысты сұрақтарға интернеттің көмегімен не болмаса, қолына планшет ұстаған маманмен сұхбаттасу арқылы жауап беруге болады. Бірінші жағдайда, азаматтар “санақ.кз” сайтына кіріп, өздерінің жеке сәйкестендіру нөмірі, аты-жөні, тұратын орны мен ұялы телефонын енгізіп, тіркеледі. Қажетті мәліметтер толтырылған соң, ел азаматтарына смс хабарлама келеді. Бұл тұрғындардың халық санағынан өткенін білдіреді.

Жанар Қызбикенова – СҚО статистика департаментібасшысының орынбасары:

– Санақтың екінші әдісі – планшеттің көмегімен жүргізіледі. Интервьюерлер өздеріне тапсырылған учаске бойынша орналасқан үйлерді аралап, тұрғындар туралы ақпарат жинастырады. Санақтың басты ерекшелігі – енді ешқандай қағаз бланкілер қолданылмайды. Барлығы электронды түрде жүзеге асады.

Аталған шаруаға келесі жылы 900-ден астам интервьюер мен нұсқаушы тартылмақ. Олардың 400-ге жуығы облыс орталығында жұмылдырылады. Еріктілерге арнайы мамандар 4 күндік оқыту шараларын ұйымдастырады.

Жанар Қызбикенова – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап статистика департаментінде штаттан тыс бөлім ашылды. Ондағы 3 маман халық санағына дайындық шараларын жүргізеді. Қазіргі таңда бағдарламалық-теxникалық қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр.

Санақ жүргізудің жаңа әдісін осы жылдың сәуір айында пилоттық түрде Шығыс Қазақстан мен Ақмола өңірінің халқы пайдаланып көрген. Интернет-сауалнаманы бірінші облыста – 7,1, ал екіншісінде азаматтардың 1 пайызы қолданыпты. Ал қалғандарынан ақпарат планшет арқылы жинастырылған.

Молдир Макишева