Мәдениет

27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күні

27 қыркүйек – дүниежүзілік туризм күні! Осыған орай Петропавлда тұңғыш рет ақпараттық тур өтті. Экспедицияға 80 теріскейлік қатысты. Оларға шара барысында қаламыздың көрікті әрі тарихи орындары көрсетілді.

Ақпараттық тур Шаталов және Әшімов ескерткіштері орналасқан аумақта басталды. Бұл жерге сағат 10:00-де қаламыздың тарихи және көрікті жерлерін аралауға ниет танытқан жандар жиылды.

Аққу Жанғожинова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы:

– Бүгін Дүниежүзілік туризм күні. Осыған орай Петропавлда тұңғыш рет ақпараттық тур ұйымдастырылып отыр. Бұл шараға 80 адам қатысады. Олар шаһардың бірқатарын орындарын аралайлы. Осылайша уақыттарын қызықты өткізетін болады.

Көп кешікпей теріскейліктер қос автобусқа мінді. Дәл осы көліктермен тұрғындар белгіленген жерлерді аралайды. Алғашқы нысан – өткеннен бүгінге сыр шертетін – “Абылайхан резиденциясы” болды. Аталған орынға жеткенше экскурсия жүргізушісі жол-жөнекей орналасқан ғимараттардың тарихын әңгімеледі. Міне, діттеген ғимаратқа да келдік. Мұнда шара қатысушылары алдымен қазақ ханының өмірбаянымен танысты.

Кейін, қонақтарға Абылайханның заттары, қамшысы мен мөрі көрсетілді. Одан бөлек, резиденциядағы басқа да дүниелер таныстырылды.

Мұнын бәрі жерлестеріміздің көңілінен шықты. Әсіресе, ерлі зайыпты Нұрмұқановтар қызықты серуенге шыққандарына риза. Олар экскурсия жүргізушісінің әрбір сөзін тыңдап, қызықты заттарды суретке түсіріп жүр.

Қабылан Нұрмұқанова – экспедицияға қатысушы:

– Резиденцияға келе алмай жүр едім. Бүгін сәті түсіп отыр. Мұнда бізге барлығы ұнады.

Бұдан соң, шара қатысушылары Николай Погодин атындағы театрдың алаңына келді. Мұнда жерлестеріміз дәл осы өнер ордасының орнында бұрындары шіркеу болғанын естіп, білді. Оларға тағы осы маңда 1999 жылы орнатылған Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші жайлы баяндалды. Жиналғандар Мәңгілік алауға да барды. Онда Отан үшін от кешкен теріскейлік батырлар туралы сөз болды. Қызықты шарадан жерлестеріміз мол мағлұмат пен әсер алғандарын айтады.

–  Өзімізге ұнап жатыр. Көптеген мәлімет алдық.

– Қалада тұрсам да барлық нысанға экскурсия жасап көрмедік. Бүгінгі шара өте қызықты өтті.

–  Театр алаңы шара қатысушыларының соңғы аялдаған жері болмады. Бұдан соң, жерлестеріміз “Қызылжар” орталық мешітіне барды. Кейін, “Жеңіс саябағы” мен “Пестрое” көлінің жағажайында болды. Бір сөзбен айтар болсақ қаламыздың тарихи және көрікті жерлерін аралады.

Эльмира Сәдуақасова