Құқық қорғау органдары

СҚО ІІД жылдам әрекет ету жасағының дайындығы пысықталды

Облыстық ішкі істер департаментінің жылдам әрекет ету жасағының қызметкерлері сүңгуір мамандығының қыр-сырын меңгерді. Оқу-жаттығу барысында құрам жауынгерлері су айдынында бірқатар жаттығуларды орындап, шеберліктерін байқады.

Жедел әрекет ету жасағы кез-келген арнайы операциялардың бел ортасынан табылып, өзіне жүктелген күрделі тапсырмаларды орындайтын арнаулы қызмет. Сондықтан жасақ сапында қызмет атқаратын жеке құрамның дайындығы департамент басшылығының назарында. Мәселен үстіміздегі айда арнаулы қызмет өкілдері суға сүңгуден шеберліктерін шыңдаса, бұның алдында әуеден парашютпен секірген болатын.

Ерлан Базарбаев – СҚО ІІД жылдам әрекет ету жасағының аға инспекторы:

– Осы істпеттес жаттығулар біздің кемшіліктерімізді жоюға септігін тигізеді. Оқу барысында су айдынында құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгердік. Суда арнайы операцияларды атқарудың өзіндік ерекшеліктері бар. Жасақ қызметкерлері бұл іске жауапкершілікпен қарайды.

Жасақтың кезекті оқу-жаттығу жиыны Есіл өзенінде ұйымдастырылды. Арнайы операцияларға қатысатын жауынгерлердің сынағын құтқарушылар қадағалады.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің бастығы:

– Облыстық ІІД-не қарасты арнайы мақсаттағы жасақтың қызметкерлерімен бірлесіп, тапсырманы орындап шықтық. Жеке құрам жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқарды. Кейбірі су астына алғаш рет сүңгісе, енді бірінің суда жүзуде жинақтаған тәжірибелері бар екен.

Оқу-жаттығу соңында жасақтың 15 қызметкеріне сүңгуірлік істі меңгергендігі жөнінде сертификат табысталды.

Бахыт Садвокасов