Ауыл шаруашылығы

Солтүстікқазақстандық тауықпен тауық өнімдері Ресей еліне экспорттала береді

Солтүстікқазақстандық тауық өнімдері Ресей еліне экспорттала береді. Айта кеткен жөн, бүгін кей БАҚ-да Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау қызметі Ньюкассл індетіне байланысты біздің өңірден келетін осы тауар түріне уақытша шектеу қойғандығы жөнінде мәлімет пайда болған еді.

Алайда, бұл жалған ақпарат болып шықты. Ол туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Алтынбек Абдоллаев хабарлады. Оның үстіне, облыстан көрші елге құс еті емес, өзге өңірлерде шығарылған тауық жұмыртқасы ғана экспортталады. Ведомство басшысы шекаралас елмен арадағы сауда-саттық өзгеріссіз қалғанын айтып отыр.

Теріскейлік тарап өнімді шекарадан шығармау туралы ешқандай құжат алмаған екен. Еске сала кетейік, Айыртау ауданындағы Елецкое ауылында шілде айында Ньюкассл індетінен 1 жарым мың тауық қырылып қалған болатын. Аурудың таралуын болдырмау мақсатында 2 мыңнан астам құсқа вакцина қойылып, жақын маңдағы бірнеше ауылда тиісті дезинфекция жүргізілді. Елді-мекендегі карантиндік режим қазан айында алынып тасталмақ. Сондықтан, індеттің таралу қаупі сейілді деп отыр ветеринарлар.

Алтынбек Абдоллаев – СҚО ветеренария басқармасының басшысы:

–  Ресейліктер Айыртауға ғана шектеу қою тиіс тұғын. Бірақ бүкіл СҚО деп тұр. Бірақ, мұндай шектеу туралы қолымызға ешқандай заңдалған қағаз алмадық.  Ешқандай шектеу жоқ. Бұрынғы қалыптасқан жұмыс бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Байболат  Култанов