МТРА жаңалықтары

“Береке-2” ықшам ауданына қосымша жылу трассасы тартылуда

Петропавлда “Береке-2” ықшам ауданына апаратын жаңа жылу трассасы тартылып жатыр. Желі шаһардың осы аймағына жіберілетін жылу қуатын арттыра түспек. Алайда, жердің үстімен салынатын құбырлар Әуезов көшесі бойындағы жер телімдері қожайындарының бизнесіне кедергі келтіруі мүмкін. Кәсіпкерлердің шағымдары түсе салысымен жергілікті билік өкілдері олқылықтың орнын толтыру амалдарын қарастыра бастаған.

Әуезов көшесіндегі өндірістік аймақта орналасқан бұл телімдер 8 қала тұрғынының меншігінде. Жақында олар бұған дейін қамысы қаулаған шалшық жерлерді топырақпен тығыздап, тегістеп, құрылысқа әзірлей бастаған. Алайда, көп ұзамай бұл жерде сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен жерүсті жылу желілері тартыла басталған.

Нұрболат Мужикенов – Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

– Бұл “Береке-2” ықшам ауданына жіберілетін жылу қуатын арттыру үшін салынып жатқан жалғастырушы трасса. Ол Крепостная көшесінен бастау алып, Қапай ықшам ауданы арқылы өтеді. Бұл желілерді жердің үстімен салудағы басты себеп – жерасты тарссаларына қарағанда мұндай құбырларға қызмет көрсету, жөндеу жеңілірек.

Меншік иелері жылу желілерінің құрылысына еш қарсылық білдіріп отырған жоқ. Дегенмен, қойма, шағын өндіріс ошақтарын салып, ісін дөңгелетпекші болған олар жер үсті жылу құбырлары тартылса, өз телімдерімізге кіріп-шыға алмай қаламыз дейді.

Омари Харбедия:

– Біз бұл жердегі шалшықты жауып, тегістеу үшін қаншама қаржы құйып, өндіріс нысандарын тұрғызуды жоспарлап отырған едік. Енді жоспарланған желілер біздің бизнеске тосқауыл болайын деп тұр.

Рамзан Хадукаев:

– “Эталон” жанармай құю станциясының маңында менің жақын досыма тиесілі жер телімі бар. Мұнда жүк көліктеріне арналған тұрақ орналасқан. Егер құбырлар тартылса көліктер бұл тұраққа кіре алмай қалады.

Қазір 8 учаскенің 4-інде құбырларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Шаруаны жергілікті “Петропавловск спецкоммунстрой” серіктестігі атқаруда. Болашақ бизнестеріне нұқсан келмеуі үшін жердің қожайындары жергілікті әкімдіктегі сәулет және қала құрылысы бөлімі мен өңірлік кәсіпкерлер палатасына арыз жазған. Бүгінде олардың өтініштері қаралып жатыр. Билік өкілдері жылу трассасын тартудың өзге тәсілдерін ойластыруды бастап кеттік дейді.

Нұрболат Мужикенов – Петропавл қалалық әулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

– Құбырларды тарту жобасын астаналық фирма әзірлеген. Іске кіріспес бұрын олар бұл жерлердің топографиялық түсірілімін жасаған болатын. Сонда аталған телімдердің жеке меншікте екені көрсетілмепті. Оны мүлікті түгендеумен айналысатын кәсіпорын атқаруы тиіс еді. Бірақ олар ақпаратты картаға енгізбесе керек. Біз жоба авторлары – елордалық “Каз арт дизайн” команиясын шақыртып, телімдерге еркін кіріп-шығу жолдарын жасауды тапсырдық. Қазір олар бұл іспен айналысып жатыр.

Бизнесмендер жобаның қайта құрылып, желілердің кәсіп ашуға кедергі болмайтынынан үмітті. Әзірге Береке ықшам ауданына апаратын қосымша жылу трассасының құрылысы үздіксіз жалғасып жатыр.

Саят Ермек