Денсаулық сақтау

Түмендік дәрігерлер шаһардағы емдеу орындарының жұмысымен танысты

Денсаулық сақтау саласындағы әріптестік көкжиегін кеңейту. Петропавлға Ресейдің Түмен облысынан бір топ дәрігерлер келді. Олар шаһардағы медициналық мекемелердің жұмысымен танысып, науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын бағамдады. Сондай-ақ, осы күні түмендік меймандардың қатысуымен ауқымды жиын өтті. Онда шекаралас облыстар арасында медициналық туризмді дамыту жайы сөз болды.

Алдымен Түмен облысынан келген делегация өкілдері – облыстық онкологиялық диспансерге аялдады. Емдеу орны жылына 47 мыңдай науқасты қабылдай алады. Диспансерде тәуліктік және күндізгі стационар жұмыс істейді. Меймандар емхананың ультрадыбыстық зерттеу бөлмесін, химиялық препарат егетін кабинетті аралап, науқастарды емдеуде қолданылатын соңғы үлгідегі озық құрылғылармен танысты. Осы жерде диспансер басшылығы, ресейлік ақ халаттыларға теріскейдегі обыр дертінің ахуалы жайлы баяндады.

Ермек Әбдірімов – облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:

– Өңірде обырдың 1-ші дәрежесіне шалдыққандардың үлес салмағы 32 пайызды құрайды, ал 2-ші дәрежесі бойынша бұл көрсеткіш 66-67 пайызға жетіп отыр. Тағы өкпе обыры – 15 пайызға жеткен. Тұрғындардың қатерлі дертке жиі шалдығуының себебі облыстағы экологиялық жағдаймен байланысты. Оның үстіне науқастанғандардың басым бөлігі салауатты өмір салтын ұстанбайды.

Бұдан соң, түмендіктер облыстық балалар ауруханасына ат басын бұрды. Емдеу орны 280 жатын орынға шақталған. Мұнда тағы 250 орынға есептелген диагностикалық-кеңес емханасы тәулік бойына жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау орнында жылына 8 мыңдай солтүстікқазақстандық бүлдіршін ем алады. Аурухана базасы жыл сайын соңғы үлгідегі медициналы құрылғылармен толығып келеді. Айталық, емдеу орнындағы сәулелік диагностика кабинеті, КТ мен УДЗ бөлмелеріндегі зерттеу аппараттары науқас балғындардың дертін уақытында анықтауға мүмкіндік берген.

Олег Завьялов – облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Эндоскопиялық аппараттың көмегімен балалар хирургиясы бөлімшесін жетілдірдік. Ауруханада жасалатын оталардың 90 пайызы осы жерде орындалады. Балалар неврологиясында да алға жылжу байқалады. Бұрындары ауыр халде түскен балаларға ота жасау жергілікті жерде мүмкін болмайтын. Науқастарды Астана немесе Алматыдағы алдыңғы қатарлы емдеу орындарына жіберетінбіз. Қазір күрделі операцияларды өзімізде жасаймыз.

Кейін меймандар облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасымен танысты. Емдеу мекемесінің бас дәрігері шетелдік әріптестеріне шұғыл медициналық көмек көрсету қосынын, компьютерлік томография бөлмесіндегі қондырғыларды көрсетті. Облыстық ауруханада жылына 6 мың ота жасалады. Түмендік делегацияның соңғы аялдаған нысаны – облыстық кадиологиялық орталық болды. Бұл жерде олар аурухананың анестезилогия және реанимация бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Емдеу мекемесінің басшылығы дәрігерлердің біліктіліктерін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осының арқасында орталықта жүрекке күрделі оталардың бірнеше түрі жасалады.

Азамат Мағзұмов – облыстық кадиологиялық орталықтың бас дәрігері:

– Қазіргі кезде біздің хирургтарымыз жүреккке операция жасай алады. Олар шунттау, жүректің клапанын ауыстыру, протез қою сынды жұмыстарды орындауды толық меңгерген. Оның үстіне ангиограф аппаратының көмегімен жүрек қан тамырының бітеліп қалған жерін қалпына келтіреміз. Мұндай оталарды жасауға толық мүмкіндігіміз бар.

Түс ауа жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары мен түмендік дәрігерлердің бірлескен отырысы өтті. Жиында шекаралас облыстар арасындағы медициналық туризмнің тынысы қаузалды. Мәселен, көршілес Түменде медициналық қалашық жасақталған. Сондықтан, пациенттерге барлық ем-дом шараларын бір жерде алуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл тұрғыда теріскейлік ақ халаттылардың шекаралас өлкенің дәрігерлерінен үйренері көп.

Вадим Гадевич – Түмен облысындағы медициналық туризмді дамыту орталығының директоры, РФ:

– Түмен облысындағы денсаулық сақтау саласының даму қарқыны көпке үлгі боларлықтай деңгейге жетті. Қалашықта әр бағытта жұмыс жасайтын клиникалар орын тепкен. Атап өтсек, хирургия корпусы, федералды нейрохирургия орталығы, ядролық медицина және морфологиялық орталықтар бір аумақта шоғырланған. Түменге қазақстандық емделушілер жиі келеді. Бізде пациенттерге жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуге қажетті қондырғылар да, білікті кадрлар да баршылық.

Шара соңында қос өлкенің дәрігерлері тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасын жақсарту жолында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Бахыт Садвокасов