Бизнес және экономика

Теңгемен ашылған депозитке 15 миллион теңгеге дейін кепілдік беріледі

Қаржы нарығындағы өзгеріс. Депозиттердің ұлттық валютадағы үлесін арттыру және банктердің болашақтағы тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қазанның 1-інен бастап, теңгелік жинақ салымдарына қойылатын шарттар өзгереді. Ендігі кезекте, депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі 10,5 пен 13,5 проценттің аралығында бекітілмек. Сондай-ақ, төл валютада сақталған 15 миллион теңгеге дейінгі қаржыға кепілдік беріледі. Бүгінде аталған жүйеге еліміздегі 27 банк қосылған.

Қазанның 1-інен бастап, ұлттық валютада сақталған депозиттердің шарттарына сәйкес, жеке тұлғалардың салымдары мерзімді, мерзімсіз және жинақтаушы болып жіктеледі. Уақытына қарай салымдардың сыйақы мөлшерлемесі де түрліше бекітілмек. Депозиттегі ақша неғұрлым ұзақ жатса, соғұрлым оның табыстылығы жоғарылайды дейді өңірдің бас қаржыгері.

Диас Мэлс – ҚР “Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– Мерзімсіз салымдар бойынша 10,5 пайызға дейін, мерзімді салым – 12,5 % дейін, жинақ салымдары -13,5 % дейін сыйақы мөлшерлемесі беріледі. Депозиттерге кепілдік беру қоры бойынша мерзімді және мерзімсіз салымдарға 10 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі. Жинақ салымдарына 15 млн теңгеге дейін кепілдік береді.

Бұл ынталандыру тетіктері депозиттердің ұлттық валютадағы үлесін арттырып, салымдарды долларсыздандыруға бағытталған. Қазірдің өзінде нәтиже бар дейді қаржыгерлер. Жерлестеріміздің көбі артық ақшаларын теңгеде сақтағанды құп көреді.

Диас Мэлс – ҚР “Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– Солтүстікқазақстандықтардан депозит түрінде 156, 2 млрд теңге тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% жоғары. Биыл ұлттық валютадағы депозиттің үлесі 24% өсті.

Осылайша, Қазақстанда салымдарды шетел валютасында сақтау тиімсіз болып барады. Оған қоса ұтылып қалуыңыз мүмкін. Банк жұмысын тоқтатып, таратылған жағдайда ақшасын доллар мен рубльде сақтаған тұрғындарға 5 млн теңгеден артық қаражат берілмейді.

Берік Қасен