МТРА жаңалықтары

Өңірімізде “Цифрлы Қазақстан” жобасы сәтті жүзеге асып жатыр

Қазіргі уақытта қаламыздағы Жуков көшесінде орналасқан 4 үйге “Смарт Петропавл” жобасы аясында заманауи су есептегіш қондырғылар орнатылып жатыр. Сандық құрылғылар тұрғындар тұтынған тіршілік көзінің айлық көрсеткішін автоматты түрде серверлік орталыққа жіберетін болады. Бұл жайлы Қызылжар су серіктестігінде өткен жиында айтылды.

–  Өзімізге мәлім үстіміздегі жылдың басында Елбасы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын арнады. Бұл маңыздың құжатта «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деген 10-шы тарау бар. Сонда мемлекет басшысы сандық, яғни заманауи технологияларды дамыту жайын айтқан болатын. Дәл осы Президент тапсырмасына сай қаламызда «Смарт Петропавл» жобасына әзірленгендігін айта кетейік.

Жалпы, «Смарт Петропавл» жобасы 5 бағыт бойынша жүзеге асады. Оның алғашқысы – көлік саласына қатысты. Тың бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстың нәтижесінде тұрғындар автобустардың жүру уақытын мобильдік қосымшалар арқылы ғана емес, аялдамалардағы таблолардан да көретін болады. Тіпті жол ақысын электронды түрде төлеу мүмкіндігі жасалмақ. Тағы, жоба арқылы кейбір коммуналдық қызметтердің көрсеткіштері автоматты түрде орталыққа жеткізілмек. Ол үшін қаламызда тиісті жұмыстар басталып кетіпті.

Ержан Тезекбаев – “Қызылжар су” ЖШС қаржы директоры:

–  Қазіргі уақытта Жуков көшесінде орналасқан 4 үйге арнайы қондырғы орнатылып жатыр. Ол орталыққа жылы және суық судың айлық көрсеткішін өздігінен жіберіп тұрады. Аталған нысандардағы іс осы аптада аяқталмақ. Ал, заманауи құрылғылардың жұмысы қазан айынан басталады. Болашақта қаламыздағы барлық көпқабатты үйлердеге осындай модемді қою жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, “Қызылжар су” серіктестігінде өткен кездесуде «Смарт Петропавл» бағдарламасының басқа да бағыттары сөз болды. Айтар болсақ, көшелерді ұялы және радио байланыс арқылы жарықтандыру жайы қаузалды. Тағы, мемлекеттік қызметті элекронды жүйеге көшіру туралы сөз болды. Бұл жаңашылдық арқылы тұрғындар білім беру мекемелеріне интернет арқылы құжат тапсыру мен балабақша кезегін қадағалай алатын болады.

Байболат Култанов