Әр түрлі

Саябақтағы электр сымында аяқ-киімдер ілініп тұр

Жақында шаһардағы мәдениет және демалыс саябағында салбырап тұрған бірнеше жұп ескі спорттық аяқ-киімдер пайда болды. Бәз-біреулер олардың бауын түйіп, электр сымдарына іліп кеткен. Бұл ерекше көрініс қазір қалалықтардың қызу талқысына іліккен.

 

Саят Ермек – тілші:

– Қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы шағын скейт алаңқайдағы электр сымдарында кроссовки, кеды сынды 10 шақты аяқ-киім жұбының ілініп тұрғанын байқауға болады. Бір көзбен қарағанда өте қызық көрініс. Бұл аяқ-киімдер не себепті және қалай ілінген? Бұл сұрақты біз осы жерде самокат және велосипед теуіп жүрген жеткіншектерге қойып көрдік.

Александр Крих:


–  Скейтборд, велосипед немесе самокат тебетін балалардың кроссовкалары тез жыртылады. Жаңа аяқ киім алғанда, ескіріп, қолданысқа жарамсыз болып қалған кроссовкалардың бауларын бір-біріне байлап, сымға лақтырамыз. Бұл бос уақытын скейт алаңқайында өткізетін жастар арасындағы дәстүр десек те болады.

Найк, адидас, пума. Мұнда спорттық аяқ-киім брендетерінің неше түрін көруге болады. Бұл жаңашылдық күзгі кеште саябақта серуендеп жүрген петропавлдықтардың да, әлеуметтік желі қолданушыларының да қызу талқысында. Бірі кроссовканы кернеуі жоғары сымға ілу қауіпті десе, бірі бұл шетелдік дәстүрді күлкілі деп табуда.

– Мен бұған қарсымын. Электр қуатымен ойнауға болмайды. Жазатайым оқиға болуы әбден мүмкін. Әрі ескі аяқ-киім саябақтың көркін қашырып тұр.
– Әр спорттың өзіндің салты бар емес пе?! Мен жаман еш нәрсе көріп тұрған жоқпын. Керісінше, күлкілі, көңіліңді көтеріп тастайды.

Ескірген кроссовкаларды сымға, ағашқа не өзге де биік нысанға ілу дәстүрі АҚШ-та пайда болған. Қазір бұл үрдіс Ресей мен Еуропа елдерінде де танымалдылыққа ие. Енді, біздің Петропавлға да жетіпті. Ілініп тұрған ескі аяқ киімдер мұнда шамамен бір апта бұрын пайда болған. Әр кеш сайын саябақтағы скейт алаңқайына белсенді жастар көптеп жиналады. Олар бұл салтты одан әрі жалғастырмақ ниетте.

Саят Ермек