Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте аппараттық жиын өтті

Облыстық әкімдікте кезекті аппараттық жиын өтті. Кеңесте “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асуы талқыланды. Тағы күзгі әскерге шақыру науқанының өту барысы да сөз болды. Отырыс соңында бірқатар басқарма басшылары ұсынған жобалық қаулылар мақұлданды.

 

Аппараттық кеңесте алдымен өңірімізде “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы сөз болды. Бұл тақырып төңірегінде атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлар жайын өңір басшысының орынбасары Мадияр Қожахмет баяндап берді.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі таңда облысымыздағы 425 мектеп кең жолақты интернетке қосылған. Яғни, өңірдегі білім ұяларының 87,6 пайызы ғаламторды еш қиындықсыз қолданады. Заман игіліктерін пайдалана алмай отырған оқу ошақтары да бар. Мәселен, Айыртау ауданындағы мектептердің тек 54 проценті ғана интернетпен қамтылған. Дегенмен бұл сынды мәселелер алдағы уақытта шешімін табады. Себебі үстіміздегі жылдың 4-ші тоқсанында “Қазақтелеком” АҚ бұл шаруаға 59 млн теңге бөлмек. Бұл қаржының есебінен аудандардағы 41 білім беру мекемесі ғаламторға қосылатын болады.

Дегенмен, облыс әкімі өңірдегі білім ошақтарының ғаламторға қосылуына қатысты өз ескертуін жасады. Құмар Ақсақалов мектептерге заман игілігі жеткенімен, көпшілігінде Wi-Fi желісінің жұмыс істемей тұрғанын сынады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Қызылжар ауданындағы шамамен барлық мектеп интернетке қосылған. Дегенмен оқу ошақтарының тек 25 пайызында ғана Wi-Fi желісі қарастырылған. Сол себепті, барлық аудан әкімдеріне келер жылғы бюжеттен ақша бөліп, олқылықты жөндеуді тапсырамын. Істің атқарылу барысын қадағалау облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова тапсырылады.

Бұдан кейін, Мадияр Қожахмет өңірде “Smart-мектеп” жобасының да сәтті жүзеге асып жатқандығын мәлімдеді. Мәселен осы күні аталған бағдарлама Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда іске жаратылған. Жыл соңына дейін бұл жаңашылдыққа шаһардағы тағы 4 оқу ордасы қосылмақ. Петропавлда “Smart-балабақша” жобасы арқылы қызмет ететін мектепке дейінгі білім беру мекемелері де бар. Биыл олардың жалпы саны 5-ке жетеді. Сандық жүйеге денсаулық сақтау мекемелері де қосылып жатыр.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Үстіміздегі жылдың 1-ші шілдесінен өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері қағазсыз формат жүйесіне көшіріле бастады. Бұл бірінші кезекте медициналық ұйым қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. Тағы, науқастарға тиімді жағдай жасалады. Нақтырақ айтар болсам, тұрғындар интернет арқылы мамандардан сырқаттық парақшаны, зертханалық қорытындылар мен дәрі-дәрмек рецептін алады. Осы жүйеге жыл соңына дейін өңірдегі медициналық мекемелердің барлығы қосылады.

Жалпы, “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының өңіріміздегі денсаулық сақтау саласына тигізіп жатқан әсері аз емес. Мәселен, теріскейліктер мобильдік қосымша арқылы дәрігердің қарауына жазылатын болған. Осының көмегімен науқастардың кезек күтуі деңгейі 40 пайызға төмендепті. Тағы, жиында облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы өзгерістер де сөз болды. Одан бөлек, кеңесте Петропавлды геоақпараттық жүйеге енгізу жайы да айтылды. Құмар Ақсақалов бұл шаруаны мұқият атқаруды жүктеді. Cебебі, сапалы тындырылған іс кәсіпкерлердің жұмысына көп көмегін тигізеді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қазіргі күні өкінішке қарай, жергілікті іскер жандар қызыл аймақтардың, қызыл сызықтар мен коммуникациялық желілердің қай маңайда орналасқандарын анықтау үшін көп уақыт құртады. Оның үстіне келісімшаралары да ұзақ жүргізіледі. Мұндай қиындықтардан арылу үшін біз келесі жылы геоақпараттық картаны іске қосамыз. Ол арқылы өзіміздің кәсіпкерлер қажетті мәліметті алатын болады.

Соңғы жылдары өлкемізде көліктерді де сандық жүйеге көшіру ісіне ерекше екпін берілгені мәлім. Осының арқасында тұрғындар автобустардың жүру бағыты мен уақытын мобильдік қосымша арқылы анықтай алатын болды. Оның үстіне мұндай ақпараттарды енді көшелерде орнатылып жатқан 28 аялдамадан да көруге болады. Жиын барысында Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы саласында цифрлы технологиялардың енгізіліуіне көңілі толмайтындығын жеткізді. Бүгінде жаһандық жаңашылдықтар терісейдегі тек 50 кәсіпорында іске жаратылуда.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Сандық жүйені енгізу арқылы шығынды азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға болады. Сондықтан Айдарбек Сейпілұлы, өңірімізде цифрлы қондырғыларды қолданатын кәсіпорындардың саны арттуы тиіс. Бұл істі назарға алыңыздар.

Тағы, облыс әкімі Киров атындағы зауыт басшылығына сандық қондырғыларды көптеп шығаруды тапсырды. “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясындағы әңгіме мұнымен аяқталған жоқ. Аппараттық кеңесте сөз алған қала әкімі Марат Тасмағанбетов шаһар көшелерімен қатынайтын автобустардың дені ескіргендігін айтты. Сол себепті қоғамдық көліктердің барлығы тұрғындарға электронды форматта қызмет көрсете алмайды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


–  Кәсіпкерлердің көбі жаңадан автобус алуға құлық танытып отырған жоқ. Сондықтан тұрғындар тасымалымен айналысатын мемлекеттік кәсіпорын ашылса жақсы болады. Тағы, қоғамдық көліктерді алуға субсидия қарастырған дұрыс.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Кәсіпкерлер автобус жүргізіп ақша тауып отыр. Сондықтан олар өз табыстарына жаңадан көлік алуы керек. Қазір біз
оларға мемлекеттен машина алып берейік делік. Кейін, бизнесмендер сол қоғамдық көліктерді де тоздырады.

Жиында көтірлген екінші мәселе – күзгі әскерге шақыру науқанының өту барысы. Бұл шаруаның жайын облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев баяндады.

Антон Федяев – СҚО әкімі:


–  Күзгі маусымда өңірімізден әскерге 630 адам аттану керек. Қазіргі уақытта шекара қызметіне теріскейден 37 адамнан тұратын 2 құрам жіберілді. Көктемгі науқанда аудандық әскерге шақыру бөлімдерінде 13 дәрігердің тапшылығы байқалды. Бұл мәселені шешу үшін біз мамандарды облыс орталығынан аудандарға жібердік.

Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне күзгі әскерге шақыру маусымы кезінде дәрігер тапшылығын болдырмауды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Облыс орталығынан аудандарға дәрігер жіберу шығынды талап етеді. Оның үстіне мамандардың жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіледі. Сондықтан бұл мәселені аудан әкімдері өздеріңіз шешіңіздер. Тағы, жасақты толтыруымыз қажет. Көктемде істі 100 пайызға орындамағандар бар. Мұндай олқылық қайталанбасын.

Отырыс соңында бірқатар басқарма басшылары ұсынған жобалық қаулылар мақұлданып, бекітілді.

Байболат Бектемірұлы