Қоғам

Аққайың ауданында Жансүгір батырдың кесенесі ашылды

Жерлес батырдың рухына тағзым! Аққайың ауданына қарасты Аралағаш ауылының маңында әулие әрі баһадүр Жансүгір Баубекұлының кесенесі ашылды. 18 ғасырда өмір сүрген жерлесіміз Қазақ жерін жоңғар шапқыншыларынан азат ету үшін қолына найза ұстап, жауға қарсы шыққан. Батыр жерленген орында бой көтерген нысанның құрылысына жергілікті меценаттар 24 млн. теңге жұмсапты

 

Саят Ермек – тілші:


– 15 жасында батыр атанған, ал 17-сінде Орта жүздегі Атығай руының қалың қолын жоңғар шапқыншыларына қарсы бастаған Жансүгір батыр осы жерде жерленген. Алайда, ұзақ жылдар бойы баһадүрдің жамбасы жерге тиген мекенде шағын қоршау мен там ғана орналасқан болатын, ал соңғы екі айда алып ақ түсті кесене бой көтерді. Енді батырдың мұсылман ұрпақтары бабасының рухына осы жерде тағзым ететін болады.

18 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Жансүгір Аралағаш ауылынан бірер шақырым жерде жерленіпті. Бұрын бұл маңда “Тереңкөл” атты алып көл болса керек. Тұрғындардың айтуынша баһадүр, әулие әрі көріпкелдің сүйегі жатқан аумақта жол-көлік апаттары жиі болып тұрады, ал жер жыртатын техника жақындағанда себепсіз істен шығатын көрінеді. Енді бұл мекеннің қасиетті екенін паш етіп тұратын мазардың ашылуына жақын маңдағы елді-мекендердің тұрғындары, шалғайдан келген меймандар мен аудан әкімі қатысты. “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Қазақ елінің азаттығы үшін күрескен батырдың басына кесене салудың тарихи маңызын атап өтті.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:


– Қазақ баласы ата-анасын, ата-бабасын құрметтеген ел, аруағын сыйлаған ел! Үлкен батыр бабаларымыздың басына қойылған мазар сіздер мен біздердің тарихи, мәдени ескерткіштеріміз болып саналмақ.

Мазар шымылдығы ашылған соң бұқара батыр аруғына құран бағыштады.

Жансүгір кесенесін көтеруге Аққайың ауданының кәсіпкерлері әрі меценаттар Біржан Шәймерденов пен Елтай Зікірин барынша көмектескен. Олардың әрқайсысы өз қалтасынан 12 млн. теңге шығарыпты. Нысан қабырғасы еліміздің батысынан арнайы жеткізілген ерекше материалдан көтерілсе керек.

Біржан Шәймерденов, «Дайындық Агро» ЖШС директоры:

– Мазар екі айдың ішінде салынды. Матриал Ақтаудан әкелінді, құрылысшылар да ақтаулықтар. Мазар қабырғасы теңіздің астынан шыққан ұлутастан жасалған. Ол 400 жылға дейін тұрады.

Батырдың зираты республикалық маңызы бар трассаның бойында орналасқан. Енді өткен-кеткен мұсылмандар баһардүр кесенесінің маңында беттерін сипап, оның рухына құрмет көрсететін болады.

Саят Ермек