Спорт

Әділет органдары қызметкерлері арасында облыстық спартакиада өтті

Қыркүйектің 30-ы – еліміздегі әділет органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Төл мейрамдары қарсаңыңда аталмыш орган өкілдерінің арасында облыстық спартакиада өтті. Дәстүрлі шарада 120-ға жуық маман жеңіл атлетика, волейбол және арқан тартудан сынға түсіп, жеңімпаздарды анықтады.

 

Волейбол жарысында алғашқы болып сары жейде киген адвокаттар мен жасыл формадағы құқықтық экспертиза орталығының қызметкерлері сынға түсті. Мұнда әрбір ұпай үшін тартысты талас. Кәсіби спортшылар болмаса да, ойыншылардың жеңіске деген талпыныстары көрініп тұр. Жарыс барысында қызметкерлер жұмылып, нағыз ұжымдық ойын көрсетті. Спартакиадаға қатысушылардың арасында Евгения Яворская да бар. Ол командасының жарыста жеңіске жететіне сенімді.

Евгения Яворская – ҚР Әділет министрлігі жанындағы республикалық құқықтық ақпарат орталығы СҚОФ директоры:

– Құқықтық экспертиза командасы бірінші ойында жеңіске қол жеткізді. 2 -ші кездесуде де ұтамыз деп ойлаймын. Себебі біздің құраманың дайындығы мықты.

Ал мына жерде арқан тарту сайысы өтіп жатыр. Команда қатысушылары жеңіс үшін барын салуда.

Әлия Ілкенова – СҚО адвокаттар алқасының мүшесі:


– Біздің құрама жаңа ғана арқан тартудан жеңіске жетті. Басқа да спорт түрлерінен жақсы нәтиже көрсетіміз деген ойдамын.

Сондай-ақ, қызметкерлер жүгіруден де сынға түсті. Желаяқтардың арасында былтырғы жеңімпаздар да бар. Олардың бірі – Жанна Әбдірахманова.

Жанна Әбдірахманова – СҚО әділет департаменті бөлімінің бас маманы:


– Жүгіруден бірінші болу – мен үшін қиынға соқпады. Себебі, мен күнделікті аэробикаға барып, спортпен шұғылданамын. 400 метрлік эстафетаны 4 қызметкер жүгіріп өттік, олардың арасынан мен басым түсіп, жеңіс тұғырынан көріндім.

Әділет органдары қызметкерлерінің басын қосқан спартакиадаға 5 командадан құралған 120 адам қатысты. Жарыс 3 күнге созылмақ.

Мақсат Сатыбалдин – СҚО Әділет департаментінің басшысы:


– Спартакиадада Әділет органдарының қызметкерлері дойбы, теннис, волейбол, жүгіру және брэйнрингтен сынға түседі. Бұл жарысты салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында және төл мерекемізге орай ұйымдастырып отырмыз.

Спартакиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға құрмет грамоталары мен медальдар табысталады.

Альмира Жетписбай