Қоғам

“Тіл шебері” байқауы өтті

Жуырда ғана өз жұмысын бастаған “Қазақтану” мектебі этномәдени бірлестік өкілдері үшін “Тіл шебері” байқауын ұйымдастырды. Шараға қатысушылар алғашқы сабақта білгендерін ортаға салып, өзара сынға түсті. Қазақстан

Қазақ халқы қай уақытта болмасын, өз қонақжайлылығымен танылған. Келгендерді қарсы алып, күтудің салтын жақсы біледі. Сондықтан, олардың әдет-ғұрпы және дәстүрімен танысамын дегендер ең алдымен амандасу мен сәлем беруді меңгерулері қажет. Бұны облыстық достық үйінің мамандары «Қазақтану» мектебінің алғашқы сабағында өтіпті. Бүгін енді білімдері сынға салуда.

Қазақ халқының әрбір салты мен дәстүрінде үлкен мән-мағына жатыр. Мәселен, қуаныш айғағына айналған шашу молшылықты білдіреді екен. Осылайша, жиналғандар көңілді форматта білімдерін арттыру мүмкіндігіне ие болды. «Қазақтану» сабағына келгендер екі командаға бөлінді. Енді, олар берілген тапсырмаларды жылдам әрі тиянақты орындау бойынша топ болып жарысады. Алдымен, құрамаларға берілген сөздерден сөйлем құрау қажет. Бұны қос команда да уақытында орындап шықты.

Лилия Гизатуллина – «Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысының белсендісі:

– Менің қазақ тілі пәні бойынша деңгейім жоғары деп айта алмаймын. Сондықтан, достық үйінде осындай мектептің ашылғанына дән ризамын. Біраз сөздерді есіме түсірдім. Алдағы уақытта да білімімді арттыру үшін аянбай еңбек етпекпін. Бастысы – ынтаның болуы деп санаймын.

«Қазақтану мектебі» жұмысын тек қыркүйек айында ғана бастаған. Бүгін орталықтың екінші сабағы. Ол – тіл шебері деп аталады. Сондықтан, басымдық та сөздерді жаттап, сөйлем құрауға беріліп отыр. Апта сайын этномәдени бірлестік өкілдері бас қосып, жаңа тақырыпта білімдерін нығайтатын болады. Ал, мамыр айында қазақ халқының тілін меңгеріп, салт-дәстүрімен танысқандар мектептен түлеп ұшпақ.

Гүлбахша Мұсабаева – “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы” ҚБ төрайымы:

– Қазіргі кезде елімізде мемлекеттік тілді меңгеруге басымдық берілуде. Сондықтан, осындай шараларды өткізудеміз.

Жиын соңында сабақта белсенділік танытып, тапсырмаларды тиянақты орындап, сұрақтарға мүдірмей жауап бергендер медаль және кубоктармен марапатталды.

Эльмира Садвокасова