Спорт

Петропавлда еркін күрестен облыс біріншілігі бастау алды

Бүгін Петропавлда 13 пен 15 жасар ұл-қыздардың арасында еркін күрестен облыс біріншілігі бастау алды. Дәстүрлі чемпионатқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған 160 жеткіншек қатысып жатыр. Бұл додада үздік атанған жас палуандар облыс құрамасы сапына алынып, кейін республикалық додаларда теріскей намысын қорғамақ.

Петропавлға өңіріміздің түкпір-түкпірінен кілең талантты жас палуандар жиылған. Олар бүгінгі облыс біріншілігінде 11 салмақ дәрежесі бойынша сынға түспек. Ұл-қыздардың тартысты бәсекесі чемпионаттың ашылу салтанатынан соң басталады.

Есілбай Омаров – БЖСМ жұмысы жөніндегі облыстық дене шынықтыру-спорт орталығы басшысының орынбасары:

– Бұл жарысқа 11 ауданнан және қаланың командалары қатысуда. Барлығы 160 спортшы. Бұл іріктеу сайыс. Осы біріншілікте жеңіске жеткендер Қарағанды қаласына ел чемпионатына барады.

Іріктеу жарысы болған соң ба, бозкілемдегі әрбір кездесу тартысқа толы. Әсіресе, 48 келіде белдескен уәлихановтық Мирас Сағындықов пен ақжарлық жас палуанның күресі көрерменді сүйсіндірді. Бұл сайыста қос қарсылас біраз аңдысты. Дегенмен, реті келгенде біреуі әдіс жасап, ұпай еншіледі.

Бұл басымдықты Мирас уыстан жібермеді. Ол қарсыласын ұтымды сәттің бірінде тағы алып ұрып, жауырынын жер иіскетті.

Мирас Сағындықов – жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Ұзақ дайындалдым. Соның нәтижесінде жеңіске жеттім.

Чемпионатта қыздар да белдесті. Мына бозкілемде 39 келі салмақ дәрежесіндегі бұрымдылар күш сынасып жатыр. Кездесуде еркін күрестің айла-тәсілдерін жақсы білетін Аружан Төлебаева жеңіске жетті. Жас палуанның алға қойған арманы асқақ.

Аружан Төлебаева – жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Екінші сынып оқып жүргенде еркін күрес болатынын естідім. Жаттығуға барып көріп едім, бұл спорт түрі өзіме ұнап қалды. Спорт шебері болғым келеді.

Бұдан соң да тартысты кездесулер болды. Оларды көрермендер мен жанкүйерлер кірпік қақпақ тамашалап, өздерінің бүйректері бұрған палуандарға қолдау көрсетті.

Айта кетейік, еркін күрестен облыс біріншілігі ертең аяқталмақ. Жарыста жеңіске жеткен жасөспірімдер мақтау қағаздары және медальдармен марапатталады.

Байболат  Култанов