Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аққайың ауданында орақ науқаны қыза түсті

Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Қазір аудандардағы агроқұрылымдар әр жайма-шуақ күнді тиімді пайдаланып, жиын-терім жұмыстарын жалғастыруда. Бұл көштен аққайыңдық диқандар да қалмай келеді. Ауданда жауапты науқанды атқаруға 190 комбайн мен 865 трактор тартылған.

 

Аққайың ауданындағы “Дайындық-Агро” серіктестігі орақ науқанына тамыз айының аяғында кіріскен. Осы күндері агроқұрылымда жұмыс қызған. Жиын-терімді мерзімінде атқарып, өнімді ысырапсыз жинап алуға серіктестіктің қауқары әбден жетеді. Астық жинайтын комбайндар арасында алдына жан салмайтын “Джон Дирлер” де танап басында жүйткіп жүр.

Шетелдің қуатты 5 техникасының бірін шаруашылықтың механизаторы Валерий Ковальский осымен 10 жыл тізгіндеп келеді. Еңбеккер қазір мына 73 гектардағы аумақта жығылған рапсты дестелеуде. Көрші ауылдан келіп жұмыс істейтін механизатор еңбек етуге барлық жағдай жасалғандығын айтады. 3 мезгіл ыстық тамағы тағы бар. Орақ соңында қолына тиетін жалақысы да көңілге қонымды.

Валерий Ковальский – “Дайындық-Агро” ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы:


– Орташа есеппен күніне 4 комбайн 300 тонна астық бастырады. Бұл техниканың артықшылығы көп. Кабинаның іші таза. Еңбекақым да жаман емес, маңызды науқан аяқталған соң 1 млн теңгеге дейін жалақы аламын.

Агроқұрылымның келесі бір алқабында 4 күн бұрын құлатылған арпа дақылы бастырылуда. Бұл шаруаға кеше кіріскен олар істі 1-2 күннің ішінде аяқтауды межелеп отыр. Жалпы алдыңғы қатары шаруашылықтың иелігінде 7 мыңнан аса егістік жері бар. Үстіміздегі жылы жер емген диқан оның 2300 га-на рапс, 1000 га-ға зығыр, 4500 га-ға бидай мен қалған алқаптарға арпа мен сұлы егіпті. Маңдай термен күтіп-баптаған биылғы өнімнің шығымы да жаман емес.

Азамат Сағындықов – “Дайындық-Агро” ЖШС бас агрономы, Аққайың ауданы:

– Қазіргі күні 40 пайызын жинап болдық. Егер де ауа райы қолайлы жағдай туғызса, осы айдың аяғына дейін бітіруге тырысамыз. Майлы дақылдар орташа алғанда центнері 20-дан, арпа 30 центнерден, 31-32 де шығып жатыр. Бидайға тоқталсақ, оны да жинай бастадық. Ол да орташа 25 центнерден беріп жатыр.

Жалпы Аққайың ауданы бойынша диқандар 145 мың гектар жердегі дәнді және 50 мың гектардан майлы тұқымдастарды жиып алмақ. Бүгінге дейін шаруалар барлық алқаптың 77 пайызындағы өнімді жығып, 67 пайызын дестелеп үлгерген. Аудандағы берекелік орташа есеппен гектарынан 15 центнерден айналып жатыр.

Ермек Сопаяқов – Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:


– Ауданда күзгі терімге 190 комбайн мен түрлі модификациядағы 865 трактор жұмылдырылды. Олардың 135-і өнімділігі жоғары астық жинайтын техника. Жергілікті шаруалар жанар-жағармаймен толық қамтылды. Кей шағын шаруашылықтар орақ науқанын аяқтап та қалды.

Осылайша, ауа райы тосын мінез көрсетпесе аудан агроқұрылымдары жауапты науқанды қазан айына дейін аяқтауды көздеп отыр.

Бақыт Садуақасов