Қоғам

2020 жылға дейін қызмет ету мерзімі өтіп кеткен лифттер ауыстырылуы қажет

2013-ш3 жылдың 15-ші ақпанында Кеден Одағы комиссиясымен қабылданған “Лифтердің қауіпсіздігі туралы” техникалық регламент өз күшіне енген болатын. Осыған сәйкес 7 жылдың ішінде, яғни 2020-шы жылға дейін қызмет ету мерзімі өтіп кеткен лифттер жаңасына ауыстырылулары қажет еді.

 

Бүгінде өңірдегі өнеркәсіптік нысандарда 74 лифт бар. Олардың 14-і жаңа болса, қалғаны ескіріп, ауыстыруды қажет етеді. Бұл қондырғыларды қолдану уақыты қызмет ету мерзімінен, яғни, 25 жылдан асып кеткен. Жарты жыл көлемінде жүргізілген мониторингтің нәтижесі бойынша облысымыздағы 8 кәсіпкерліктегі лифттердің техникалық талаптарға сай еместігі анықталған. Енді аталған серіктестіктер 2 айдың ішінде ақауларды түзетуі керек.

Мақсұт Мұсаибов – СҚО бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі департаментінің мемлекеттік инспекторы:


– Олай болмаған жағдайда кіші кәсіпкерліктерге – 30, орта кәсіп иелеріне – 50, ал ірі бизнес нысандарына – 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл белгіленеді. Қазіргі таңда “Тимирязев элеваторы” серіктестігіндегі қондырғыны ауыстыру бойынша жобалық құжат дайындалып жатыр. Көп ұзамай бұл жерде жаңа жеделсаты орнатылады. Ал жалпы, өнеркәсіптік лифттердің 14-і қалада, қалған 60-ы облыс аумағында орналасқан.

Сондай-ақ, бүгінде тұрғын үйлердегі жеделсатыларды ауыстыру мәселесі де өзекті болып тұр. Қазіргі таңда қаладағы көпқабатты үйлерде 338 лифт бар. Олардың басым бөлігі 1980 жылдары орнатылған екен. Қолдану талаптарына сәйкес, қондырғылар осыдан 10 жыл бұрын жаңартылуы тиіс еді. Алайда, бүгінге дейін мамандар тескеріс жүргізіп, қауіпсіз деп танылғандарының қызмет ету мерзімін 3 жылға дейін ұзарта берген. Қазір бұндай ескірген көтергіш құрылғылардың саны 178.

Павел Шилов – СҚО бойынша мобильді даярлық және азаматтық қорғаныс басқармасы жетекшісінің орынбасары:

– Осыған дейін лифттерді жаңарту “ТҮКШ жаңғырту” бағдарламасы аясында жүзеге асқан болатын. Яғни, 2011 жылы – 5, 2012 жылы – 14, ал 2015 жылы – 15 жеделсаты жаңасына ауыстырылған болатын. Ал, соңғы 3 жылда еш жұмыс атқарылған жоқ. Жалпы, бір лифттің бағасы – 8 млн. теңге, оны орнату – 3-4 млн. теңгеге жетеді. Сондықтан, оларды жаңасына ауыстырамын деген тұрғын үй иелері шамамен 11 млн теңгеге шығындалатын болады.

2013 жылы күшіне енген техникалық регламетке сәйкес, баспана және басқа да мекемелердің иелері 2020 жылға дейін осындай ескірген, қолданысқа жарамайтын лифттерді ауыстыруы керек. Яғни бар шаруа тұрғындардың қаражаты есебінен жүргізілмек. Алайда, әзірге жерлестеріміз жайбасарлық танытуда.

Тахмина Оразалина – Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Екі жылдың ішінде лифттері бар тұрғындар мен мекеме иелері қондырғыларды қайта жаңартып, талапқа сай етулері қажет. Себебі, 2020 жылдан кейін қолданылу мерзімі өтіп кеткен қондырғылар жаңасына ауыстырылмаса, оларды қолдануға тыйым салынады. Бұл барлық қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызатыны сөзсіз.

Мәселен, Хименко, 25 көшесінің бойында орналасқан мына үйдегі лифт 1992 жылдың маусым айында орнатылған екен. Содан бері құрылғыға ешбір жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Ал, өткен жылы оның қызмет ету мерзімі аяқталған. Сондықтан, кей кездері жеделсаты сынып қалады екен.

– Ал, Хименко 2 мекен-жайы бойынша орналасқан үйде осыдан 6 жыл бұрын 3 бірдей лифт ауыстырылған екен. Жедел сатыны орнату үшін шамамен 6 млн теңге қаражат жұмсалған. Бұл аталған шығындарды ақтады ма? Тексеріп көрейік.

Лифттің іші таза және ең бастысы қауіпсіз. Сондай-ақ, бұл қондырғының бұрынғысынан айырмашылығы, ақауларды электронды түрде бақылауға болады. Жеделсаты істен шығып, тоқтап қалса, кішкентай экранға белгілікті бір нөмір шығады. Кейін, сол нөмір арқылы мына тізімнен қателікті іздеп тауып, түзетуге мүмкіндік бар. Бұл қондырғыны тұрғындар “ТҮКШ жаңғырту” бағдарламасы аясында жаңартқан екен.

Галина Сидорова – “Хименко 2” ПИК төрайымы:


– Лифт 1-ші, 4-ші және 11-ші подъездерде орнатылды. Бұрын ол жерлерде лифт мүлдем болмайтын. Қондырғы Белоруссия елінда жасалған. Төлемақы ретінде тұрғындардан ай сайын 2461 теңгеден жинап отырамыз. Есесіне жаңа лифтті қолданып жүрміз. Бәрі дән риза.

Келесі жылдың маусым айында тұрғындар мелмекеттік бағдарлама бойынша берілген несиені толығымен өтеп аяқтайды.

Молдир Макишева